Аталмыш мәселе ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің азық-түлік тауарларының қауіпсіздігі жөніндегі 14-ші отырысында көтерілді. Бұл туралы бүгін «Шадринское» маркасымен шығатын сүт өнімінің ҚР заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуіне қатысты» атты баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан аумағында сатылатын «Шадринское» маркасымен шығатын сүт өнімдерінің сыртында «Ресей Федерациясының аумағында сату үшін емес» деген сөздер жазылған. Осыған байланысты Техникалық реттеу және метрология комитеті дер кезінде осы мәселені қолға алып, Комитеттің аумақтық департаменттеріне тапсырмалар берілді, жоспардан тыс тексерістер өткізілді. Тексерістердің қорытындысы бойынша, осындай таңба жазылғандығы дәлелденді, сондай-ақ таңбалау жөніндегі қазақстандық техникалық регламенттің сақталмағандығы анықталды», деп атап өтті Комитеттің сарапшысы Айгүл Қасымова.
А.Қасымованың айтуынша, «Шадринское» сүтіне қатысты Комитеттің жұмысы мұнымен аяқталған жоқ. «Біз «ЮНИМИЛК-Қазақстан» ЖШС-мен хат алмасудамыз, сондай-ақ осы компанияның ресейлік өкілдігіне де тиісті хаттар жіберілді. Олар біздің анықтаған заңбұзушылықтарды ескеріп, тиісті іс-шараларды қолға алуда. «Шадринское» маркасымен шығатын 1 026 474 сүт өнімі сатылымнан алып тасталынып, қазірдің өзінде жаңа этикеткаларға өту жұмыстары басталды», деді.
ҚазАқпарат анықтамасы: ЮНИМИЛК компаниясы 2002 жылы құрылған. 2004 жылы ЮНИМИЛК сүт өнімдері активтерін холдинг аясына біріктірілді. Қазір холдингке жылына шамамен 612 мың тонна сүт өнімдерін шығаратын Ресей мен Украинаның 15 сүт кәсіпорындары кіреді. Қазақстанда «Шадринское», «Ялуторовское», «Простоквашино» сияқты сауда маркаларын ұсынады.