Қазақстан Үкіметінің шешіміне сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығында микро және шағын бизнес субъектілеріне салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша мерзімінде төленбеген сомаларға өсімпұл есептелмейді.
Бұл жеңілдік аванстық және ағымдағы төлемдерге де қолданылады.
- Алайда аталған шара төлем көзінен ұсталатын салықтарға, импортталатын акцизделетін тауарлар акцизіне, импорттық қосылған құн салығына және әлеуметтік төлемдерге қатысты қолданылмайды, - деп ескертті ведомстводан.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2026 жылғы 31 желтоқсаннан кейін қосымша салық есептілігі ұсынылған немесе мемлекеттік кірістер органдары салық сомаларын қайта есептеген жағдайда өсімпұл есептеледі.
Мамандар бұл шешім кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, мемлекет пен бизнес арасындағы ашық әрі сенімді әріптестікті нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Айта кетейік, микро және шағын кәсіпкерлікті қолдау шаралары Қазақстанда экономиканы ынталандырудың негізгі бағыттарының бірі саналады.
Бұған дейін Мәжіліс депутаттары Салық кодексіне өзгеріс енгізу туралы құжатты қарайтыны хабарланды.