Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанның шоғырландырылған бюджетіне түскен салық түсімдері 22,69 трлн теңге. Былтырғы тоғыз аймен салыстырғанда бұл көрсеткіш 3,55 трлн теңгеге, яғни 18,5%-ға өскен.
Оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен түскен салық көлемі 7,58 трлн теңгеге жетті. 2025 жылдың осы кезеңінде бұл сома 6,45 трлн теңге болған.
— Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен түсетін түсім 1 трлн 128,2 млрд теңгеге немесе 17,5%-ға өсті, — делінген Серік Жұманғариннің жауабында.
Шағын кәсіпкерлік бойынша өсім анағұрлым жоғары. Осы санаттағы субъектілерден түскен салық 2,77 трлн теңгеден 3,52 трлн теңгеге дейін көбейген. Айырмасы — 750,7 млрд теңге.
Орта кәсіпкерлік субъектілерінің бюджетке төлеген салығы да артты. Тоғыз айда бұл көрсеткіш 2,89 трлн теңге болды. Былтырғы сәйкес кезеңде 2,63 трлн теңге түскен еді, яғни өсім 252,6 млрд теңгені немесе 9,6%-ды құрады.
Ал ірі кәсіпкерлік субъектілерінен түскен салық түсімдері 12,69 трлн теңгеден 15,11 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Бұл — 2,42 трлн теңге немесе 19,1% өсім.
Депутаттық сауалда салық реформасының шағын және орта бизнеске ықпалы көтерілген. Оған жауап берген Серік Жұманғарин реформаның нәтижесін тек тіркелген кәсіпкерлердің санына қарап бағалау жеткіліксіз екенін атап өткен. Оның айтуынша, кәсіпкерлік кірісі, жұмыспен қамту деңгейі және бюджетке түсетін салық көлемі де ескерілуге тиіс.
Салық реформасының салдарын толық бағалау 2026 жылдың қорытындысы бойынша жүргізіледі.
Айта кетейік, бұған дейін салық берешегіне байланысты шектеулер жайлы жазған едік.