АСТАНА. KAZINFORM — Шағын футболдан Қазақстан әуесқойлар құрамасы Әзербайжан астанасы Баку қаласында жалауын көтерген әлем чемпионатында Польшадан жеңілді.
Дүбірлі дода Бүкіләлемдік шағын футбол федерациясы (WMF) аясында өткізіліп жатыр.
Алғашқы ойында қазақстандық құрама Польшамен кездесті. Ойын барысында қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберді.
Ел құрамасынан Дмитрий Двирный 21-минутта есеп ашқан еді. Одан кейін польшалық Артур Кощна 39-минутта таразы басын теңестірсе, Петр Маковски 45-минутта өз құрамасына жеңіс сыйлады.
Биыл аталған турнирге барлығы 32 құрама қатысып жатыр. Онда Қазақстан құрамасы F тобында сынға түседі. Қарсыластары — АҚШ, Босния және Герцоговина, Польша.
Енді Қазақстан құрамасы 24 мамырда Босния және Герцоговина, 26 мамырда АҚШ-пен ойнайды.
Отандастарымыз 2023 жылы әлем чемпионатында Румынияға (2:2, пенальтиден 11:12) есе жіберіп қойды.
Әлем чемпионаты 1 маусымда мәресіне жетеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.