Дегенмен бизнес ашу – жолдың тек басы ғана. 2025 жылдың қорытындысында шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40,9%-ды құрады. Оның ішінде орта бизнестің үлесі 7,2%, яғни негізгі сұрақ – «бизнесті қалай ашамыз?» дегеннен гөрі, «оны қалай өсіреміз?» дегенге ауысып отыр. Ендеше, биыл Қазақстанда кәсіп қалай ашылады және оны тұрақты жұмыс істейтін, өсетін бизнеске қалай айналдыруға болады? Осы жайлы Kazinform агенттігінің сараптамасынан оқи аласыздар.
Кәсіпкерліктің қазіргі ауқымы
Қазақстандағы кәсіпкерліктің ауқымы бұл сұрақтың маңызын көрсетеді. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елде 2,36 млн ШОБ субъектісі тіркелген, оның 2,18 миллионы жұмыс істеп тұр. ШОБ-тың жалпы ішкі өнімге қосқан үлесі 40,9%-ды құрады. Экономикада жұмыс істейтін әрбір төртінші адам осы секторда еңбек етеді.
Сонымен бірге мемлекеттің бүгінгі міндеті тек жаңа кәсіпкерлердің санын көбейту емес. Кәсіпкерлік саясаттың тиімділігін бағалау кезінде жаңа құрылған және тұрақты жұмыс істеп тұрған бизнестің арақатынасы, жұмыс орындарының өсуі, салық түсімдерінің динамикасы мен еңбек өнімділігі де ескеріледі.
Демек, 2026 жылғы басты сұрақ «Жеке кәсіпкерлікті қалай ашуға болады?» дегеннен кеңірек. Мәселе бизнесті дұрыс бастап, оны тұрақты жұмыс істейтін кәсіпке айналдыру.
Жеке кәсіпкерлік ашу қиын ба
Қазақстанда дара кәсіпкер ретінде тіркеу 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, кәсіп бастау үшін азаматтың алғашқы қадамы мемлекеттік органнан күрделі рұқсат алу емес, белгіленген тәртіппен хабарлама ұсыну.
ЖК-ні тіркеу үшін хабарламаны электрондық түрде бірнеше цифрлық арна арқылы беруге болады. Олардың қатарында Қазақстанның электрондық лицензиялау порталы, eGov Business, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары және Мемлекеттік кірістер комитетінің E-Salyq Business қосымшасы бар.
Бірлескен дара кәсіпкерлік жағдайында уәкілетті адам барлық қатысушылардың атынан қол қойылған сенімхатты ұсынады. Ал өтініш беруші кәмелетке толмаған болса, заңды өкілдерінің келісімі қажет. Мұндай келісім болмаған жағдайда заңнамада көзделген өзге де құжаттар ұсынылады.
Осыдан шығатын негізгі қорытынды қарапайым: 2026 жылы бизнесті тіркеу кәсіпкерліктің ең күрделі бөлігі емес. Ең маңызды шешім тіркелгеннен кейін басталады.
Кәсіпкерге енді үш режимнің бірін таңдау керек
2026 жылдан бастап Қазақстанның Салық кодексінде үш арнаулы салық режимі көзделген:
– өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимі;
– оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі;
– шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі.
Бұған дейін арнайы салық режимдерінің саны жеті болған. Бұл өзгерісті тек техникалық қысқарту деп қарау қиын – кәсіпкер үшін ең маңыздысы өзінің қызметіне сәйкес келетін модельді дұрыс таңдау.
– Арнаулы салық режимінен жетіден үшке қысқарту жеңілдік пе деген кезде, меніңше, мұны бірден салық жеңілдігі немесе салықтың өсуі деп бағалау дұрыс емес. Бұл ең алдымен салық жүйесіндегі құрылымдық жағынан жеңілдету. Мұның жақсы жағы – кәсіпкерлер бұрынғыдан бірнеше режимнің арасында күрделі талдау жасамайды. Бірақ екінші жағы бар, бұрын белгілі бір режимнің артықшылығын пайдаланған кәсіпкер жаңа жүйеде басқа режимге ауысып, салықтық немесе әкімшілік жүктемесінің өзгергенін сезінуі мүмкін. Сондықтан режимдердің азаюы автоматты түрде барлық кәсіпкердің салығын азайтады дегенді білдірмейді, – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
ЖК ашпай жұмыс істеуге бола ма
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2026 жылы мұндай мүмкіндік қарастырылған. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимді дара кәсіпкер болып табылмайтын, жалдамалы жұмысшылардың еңбегін пайдаланбайтын, осы режимге рұқсат етілген қызмет түрлерін жүзеге асыратын және күнтізбелік айдағы кірісі тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын АЕК-тің 300 еселенген мөлшерінен аспайтын жеке тұлғалар қолдана алады.
Бұл режим бойынша жеке табыс салығының мөлшерлемесі – 0%. Алайда бұл салықтық міндеттеме мүлдем жоқ деген сөз емес. Адам табысының 4%-ы әлеуметтік төлемдерге бағытталады. Оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары – 1%, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары – 1%, әлеуметтік аударымдар – 1% және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар – 1%.
Демек, жалғыз өзі жұмыс істейтін және белгіленген талаптарға сай келетін азамат үшін 2026 жылғы жүйе кәсіпкерлікті бастау жолын жеңілдетуі мүмкін. Бірақ мұнда бір нәрсеге назар аудару қажет – бұл режим барлық қызмет түріне және барлық табыс деңгейіне арналған емес.
– Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жүйе өте қарапайым – жеке табыс салығы нөл, әлеуметтік төлемі төрт пайыз, декларация тапсырмайды, ал айлықтағы табыс шегі 300 АЕК, яғни 2026 жылы шамамен 1,3 миллион теңге. Бұл көлеңкелі экономиканы азайтуға мүмкіндік береді, себебі адамға ЖК ашу, жылда бухгалтерлік есеп тапсыру деген күрделі талап қойылмайды. Мысалы, такси жүргізушісі немесе үйде қызмет көрсетіп жатқан адам мобильді қосымша арқылы заңды жұмыс істей алады. Бірақ 300 АЕК шегі өсуге белгілі бір шектеу қояды егер адам тұрақты түрде осы шектен асып кетсе, басқа режимге өту керек. Сондықтан бұл режимнің міндеті бизнесті мәңгілік шағын деңгейде ұстау емес, ол кәсіпкерліктің кіру нүктесі болуы керек, – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
4 пайыздық режим кімге тиімді
Егер кәсіпкерге ЖК ретінде жұмыс істеу қажет болса, маңызды нұсқалардың бірі оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі. Оны күнтізбелік жылдағы кірісі тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын АЕК-тің 600 000 еселенген мөлшерінен аспайтын және тыйым салынған қызмет түрлерінің тізбесіне кірмейтін қызметпен айналысатын салық төлеушілер қолдана алады.
Бұл режимдегі ЖТС/КТС мөлшерлемесі – 4%. Сонымен бірге жергілікті өкілді органдар бұл ставканы 50%-ға дейін төмендетуге немесе көтеруге құқылы. Осы режимді қолданатын салық төлеушілер ҚҚС және әлеуметтік салық төлеушілері болып табылмайды.
Бірақ «4 пайыз» деген цифрды көріп, кез келген кәсіпкер осы режимге автоматты түрде кіре алады деп ойлау дұрыс емес. Заңнамада бірқатар шектеу бар. Мысалы, басқа заңды тұлғалардың қатысу үлесі 25 пайыздан асатын заңды тұлғалар, белгілі бір құрылтайшылық байланыстары бар субъектілер, коммерциялық емес ұйымдар, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың және «Астана Хаб» қатысушылары, сондай-ақ бірлескен қызмет туралы шарттар бойынша қызмет жүзеге асыратын салық төлеушілер бұл режимді қолдана алмайды.
– Мұнда екі мақсат бар. Біріншісі – өңірдің ерекшелігін ескеру, мысалы, экономикалық белсенділігі төмен ауданда бизнесті ынталандыру үшін төрт пайызды екі пайызға түсіруге болады. Мұндай тәжірибе қазірдің өзінде бар – Қарағанды облысының бірқатар маслихаты ставканы төрт пайыздан екі пайызға төмендеткен. Екіншісі – бизнес үшін тұрақтылық, яғни кәсіпкер инвестицияны бір жылға емес, бірнеше жылға жоспарлайды. Сондықтан бір өңірде екі пайыз, екінші жерде төрт пайыз болып, кейін ставка қайта өзгеруі мүмкін болса, ұзақ мерзімге жоспарлау қиындайды. Меніңше, мәселе маслихаттарға мұндай құқық берілгенде емес, оның қаншалықты болжамды қолданылатындығында, өңірде жеңілдік болуы мүмкін, бірақ оның тәртібі мен мерзімі бизнеске алдын ала белгілі болуы керек, – деп түсіндірді экономист Бауыржан Ысқақов.
Ауыл шаруашылығына арналған бөлек мүмкіндік бар
Қазақстандағы ауыл шаруашылығы бизнесі үшін шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі қарастырылған. Оны Қазақстан аумағында жеке меншік және жер пайдалану құқығында жер учаскелері бар шаруа немесе фермер қожалықтары қолдана алады. Бұл режим үшін жер учаскесінің алаңына қатысты шектеу белгіленген.
Жеке табыс салық (ЖТС) мөлшерлемесі – 0,5%. Сонымен қатар бұл режимді қолданатындар бірқатар салық пен төлемдерді, оның ішінде жер салығын, көлік құралдары салығын, мүлік салығын, әлеуметтік салықты және ҚҚС-ты төлеушілер болып табылмайды.
Осылайша, 2026 жылғы салық жүйесі кәсіпкерліктің әртүрлі моделін жеке қарастыруға тырысады. Жалғыз жұмыс істейтін адамға – бір режим, шағын бизнеске – екінші, ауыл шаруашылығы қожалығына – үшінші.
Қосылған құн салығы қай кезде пайда болады
Кәсіпкерлікті бастаған кезде салық мөлшерлемесі маңызды болса, бизнестің өсу кезеңінде айналым көлемін бақылау бірінші орынға шығады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, ҚҚС бойынша міндетті тіркеу үшін айналымның шекті мөлшері тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын АЕК-тің 10 000 еселенген мөлшеріне тең, яғни 2026 жылы шамамен 43 миллион теңге. Егер күнтізбелік жыл ішінде айналым осы шектен асса, салық төлеуші ҚҚС бойынша міндетті тіркеуге жатады.
– Экономикалық тұрғыдан кез келген шекті жүйеде белгілі бір шекке жетпеуге тырысу тәуекелі болады, яғни кәсіпкер айналымын бірнеше заңды тұлғаға бөліп жіберуге тырысуы мүмкін. Бірақ бұнда бір маңызды нәрсе бар. Бизнесті бірнеше компанияға бөлу әрқашан заң бұзушылық емес. Мысалы, екі компанияның нақты иегерлері, қызметі, актілері, қызметкерлері бөлек болуы мүмкін. Сондықтан мемлекет үшін негізгі міндет нақты бизнесті жасанды бөліктен ажырату. Мұнда цифрландыру үлкен рөл атқарады. Егер бір адамның бірнеше компаниясы бір мекенжайда, бір қызметкерлермен, бір клиентпен, бір активпен жұмыс істесе, мұндай байланыстарды тауып, тәуекел негізінде бақылау жасаған дұрыс – барлық кәсіпкерді жаппай тексеру арқылы емес, – деп атап өтті экономист Бауыржан Ысқақов.
Бұл талапты елемеудің салдары да бар. ҚҚС бойынша тіркеуге қою туралы салықтық өтінішті белгіленген мерзімде бермеу 50 АЕК мөлшерінде айыппұлға әкелуі мүмкін. Ал ҚҚС төлеуші ретінде есепке қойылмаған кезеңде айналым жүзеге асырылған жағдайда, ӘҚБтК-нің 275-бабының 5-бөлігі бойынша сол кезеңдегі айналым сомасының 15%-ы мөлшерінде айыппұл көзделген.
– Бұл жерде маңызды нюанс бар. 15 пайыздық айыппұл – тіркеуге өтінішті кеш берген үшін ғана қолданылатын автоматты санкция емес, ол қосымша құн салығы бойынша тіркелмей тұрған кезде айналым жасаған жағдайда қолданылады. Мысалы, кәсіпкер ҚҚС бойынша тіркеуге міндетті бола тұра, тіркелмеген кезде 20 миллион теңгенің айналымын жасаса, мәселе айтарлықтай қаржылық тәуекелге айналады. Сондықтан бұл санкцияның логикасы түсінікті – ол ҚҚС бойынша міндеттемені әдейі айналып өтуге экономикалық тосқауыл қояды. Бірақ шағын бизнес үшін санкцияның пропорционалды болуы тиімді, өйткені техникалық қате мен қасақана заң бұзушылықтың экономикалық табиғаты бірдей емес. Болашақта бақылаудың ең тиімді моделі – алдымен цифрлық ескерту, содан кейін түзетуге мүмкіндік беру, ал қасақана бұзушылыққа ғана қатаң санкция қолдану, – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
Сондықтан кәсіпкер үшін бизнестің өсуі тек жақсы жаңалық емес – айналым ұлғайған сайын салықтық жауапкершілік те артады.
Касса мен чекке назар аудару керек
Кәсіпкер ақшалай есеп айырысуды бақылау-кассалық машина арқылы жүргізіп, әр төлемге чек беруі тиіс. 2026 жылы чекке қойылатын талаптар нақтыланып, онда тауардың сәйкестендіру коды және қажет болған жағдайда таңбалау коды көрсетілуі керек. Сондықтан касса кәсіпкердің салықтық және тауарлық есебінің маңызды бөлігі болып саналады.
Мемлекет бизнеске қандай қолдау ұсынады
Мемлекет кәсіпкерлерге субсидиялау және кепілдік беру арқылы қаржылық қолдау көрсетеді. Алайда мемлекеттік бағдарламаға қатысу кредиттің автоматты түрде берілетінін білдірмейді – соңғы шешімді банк кәсіпкердің бағдарлама талаптарына сәйкестігі мен төлем қабілетіне қарай қабылдайды. Сондықтан бизнестің қаржылық тұрақтылығы мен экономикалық негізі маңызды.
Сонымен қатар «Іскер аймақ» бағдарламасы арқылы қаржылық қолдау көрсетіліп, ауыл мен моноқалалардағы бизнеске басымдық беріледі. Ал «Таза парақ» механизмі салықтық және әкімшілік жүктемені жеңілдетіп, 2022 жылдан бері кәсіпкерлердің 300-ден астам мәселесін шешуге мүмкіндік берді.
Тексерулер азайды ма
Бизнесті тексеру саны 2021 және 2024 жылдары қабылданған «Таза парақ» аясындағы кәсіпкерлік қызметті реттеу және бизнесті жүргізу мәселелері жөніндегі заңдар есебінен азайып келеді. Аталған заңдарда тексерулерден профилактикалық іс-шараларға көшу арқылы мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі қайта қаралды.
– Нәтижесінде, Бас прокуратураның мәліметі бойынша 2024 жылы 53 320 кәсіпкер тексеруден өтті – бұл мораторий енгізілгенге дейінгі, яғни 2019 жылғы көрсеткішпен (126 561 тексеру) салыстырғанда 42,1%-ға аз. 2025 жылдың 12 айында 92 271 тексеру тіркелген – бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен (100 904 тексеру) салыстырғанда 8,6%-ға аз, – деді Ұлттық экономика министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында.
Сонымен қатар министрліктің мәліметінше, әкімшілік кедергілерді одан әрі қысқарту мақсатында жыл соңына дейін бизнестің рұқсат алуы үшін біліктілік талаптары қайта қаралады, сондай-ақ оларды алу рәсімдері мен мерзімдері оңтайландырылады. Есепті жүктемені төмендету жұмыстары да жалғасып жатыр. Кәсіпкерлік қызметтің 58 саласында анықталған 381 ақпараттық құралдың 192-і (49%) оңтайландырылды. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар оларды автоматтандыруды жалғастырып жатыр.
Шағын бизнестен орта бизнеске дейін
Мемлекеттік саясаттың келесі маңызды бағыты – орта кәсіпкерліктің үлесін арттыру. 2026 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда 3 153 орта кәсіпорын болды. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 487 субъектіге көп.
Ұлттық экономика министрілігінің мәліметінше, осы тіркелген ШОБ субъектілерінің 99,9%-ын шағын кәсіпкерлік, небәрі 0,1%-ын орта кәсіпорындар құрайды. Жалпы тіркелгендердің 92,1%-ы белсенді жұмыс істейді, ал орта кәсіпорындар арасында бұл көрсеткіш 97,8%-ды құрап, шағын бизнеспен салыстырғанда 5,6 п.т. жоғары. Кәсіпкерлікті дамыту тұжырымдамасына сәйкес, ынталандыру шараларының нәтижесінде орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 2025 жылғы 7,2%-дан 2030 жылға қарай 15%-ға жетуі жоспарланып отыр.
– 2025 жылдың қорытындысында шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40,9%-ды құрады. Оның ішінде орта бизнестің үлесі 7,2%. Яғни мәселе бизнестің жоқтығында емес – бизнес бар, соның өсуіне мүмкіндік беру керек, – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
Экономистің пікірінше, шағын кәсіпкерліктің орта бизнеске өспеуінің төрт себебі бар. Атап айтқанда, қаржы жетіспеушілігі бизнесті ашуға жеткен қаражат оны бірнеше есе өсіру үшін жеткіліксіз; нарық тарлығы тұрақты корпоративтік тапсырыс, экспорт немесе мемлекеттік сатып алуларға қолжетімділіктің шектеулігі; басқару мәселесі компания өскен сайын кәсіби қаржы, HR, маркетинг және логистика жүйесі қажет болады; және реттеу ауыртпалығы бизнес ұлғайған сайын әкімшілік талаптардың күрт өсуі. Сондықтан елге кәсіп ашуды емес, кәсіпті өсіруді ынталандыратын саясат қажет.
Сондай-ақ мемлекет орта кәсіпкерліктің ЖІӨ-ге қосатын үлесін айтарлықтай арттыруды жоспарлап отыр. 2029-2030 жылдарға қарай 15% деңгейіне жету нысанасы көрсетілген. Осы мақсатқа жету үшін бизнесті қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту, мемлекеттік қолдаудың жаңа архитектурасын қалыптастыру және субсидиялаудан нарықтық қаржыландыру тетіктеріне біртіндеп көшу көзделген.
– Бұл да бірден реалистік немесе реалистік емес деп кесіп айту дұрыс емес. Мақсаттың өзі өте ауқымды – қазіргі 7,2 пайыздан 15 пайызға дейін көтерілуі қажет, мемлекет бұл мақсатты 2029 жылға дейін белгілеген. Бұл үшін орта бизнестің санын ғана көбейту жеткіліксіз – шағын бизнестің бір бөлігі орта бизнеске айналуы керек. Менің ойымша, бес басты шешім бар. Біріншісі – ұзақ мерзімді және қолжетімді қаржы, яғни жеңілдетілген кепіл, лизинг, венчурлық немесе басқа қаржыландыру құралдары. Екіншісі – өткізу нарығы, әр өңірде жергілікті шағын және орта бизнестің кооперациясын дамыту. Үшіншісі – экспорт, өйткені ішкі нарықтың көлемі шектеулі болғандықтан, орта бизнеске сыртқы нарыққа шығуға жағдай жасау қажет. Төртіншісі – салық режимінің тұрақтылығы, кәсіпкер ереженің ертең тағы өзгермейтініне сенімді болуы керек. Бесіншісі – өнімділік пен технология, яғни мақсат қызметкерлер санын көбейту емес, олардың өнімділігін арттыру болуы керек, – деді экономист Бауыржан Ысқақов.
Қорытынды
Осылайша, 2026 жылғы реформалар салық режимдерінің қысқаруы, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жеңілдетілген жүйе, тексерулердің азаюы және «Іскер аймақ», «Таза парақ» сынды қолдау бағдарламалары – кәсіп ашуды бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдетті. Дегенмен статистика көрсеткендей, негізгі мәселе бизнесті бастауда емес, оны өсіруде тұр. Орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 7,2%-ды құрайды. Қаржыға қолжетімділік, нарық тарлығы, кәсіби басқарудың жетіспеуі және реттеу ауыртпалығы – осы факторлардың барлығы кәсіпкерді «шағын» деңгейде ұстап қалуға итермелейді. Сондықтан мемлекеттің алдағы 2029-2030 жылдарға қойған 15% мақсатына жету үшін жаңа кәсіпкерлерді тіркеу ғана емес, бар бизнестің өсуіне тікелей ықпал ететін жүйелі саясат ұзақ мерзімді қаржыландыру, өткізу нарығын кеңейту, экспортқа қолдау және салықтық тұрақтылық – қажет болмақ.