Шағын және орта бизнес шығаратын өнім көлемі 25% өскен

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында шағын және орта бизнес субъектілері шығаратын өнім көлемі 25% өсті. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев айтты.

Спикердің айтуынша, соңғы жылдары шағын және орта бизнес дамуының оң серпіні байқалады. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында ШОБ-тың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 39,8% болды.

— Екінші жартыжылдықта кәсіпкерлік секторында жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 3,8%-ға артып, 4,4 млн адамға жетті. Бұл аралықта тіркелген ШОБ субъектілерінің 91,2%-ы өз қызметін жалғастырып жатыр, – деді Е.Сағынаев Орталық комуникациядар қызметінде.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында ШОБ субъектілері шығаратын өнім көлемі 25%-ға өсіп, 42,7 трлн теңгеге жетті. Өнім шығарылымының ұлғаюы сауда, өнеркәсіп, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік және қоймалау, ауыл, орман және балық шаруашылығы саларында байқалады.

Сонымен бірге, Ұлттық экономика министрлігі мен ЕҚҚДБ орта бизнесті ауқымды кеңейту жөніндегі жоспарды әзірлеп жатыр. Онда кәсіпорындарға диагностика жүргізу және олардың жеке даму жоспарларын әзірлеу бойынша қолдау көрсетіледі.

– Орта бизнес негізінен өңдеу өнеркәсібінде шоғырланған, металлургия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары мен машина жасау салаларына 12% тиесілі. Аталған салаларда кеңею мүмкіндігі бар, себебі қолданыстағы өндірістік қуаттар, оның ішінде орта бизнес кәсіпорындары толық пайдаланылмай отыр. Мемлекеттің негізгі назары осы салалар бойынша орта бизнесті дамытуға бағытталады, – деді Е.Сағынаев.

Кәсіпкерлердің туындаған проблемалық мәселелерін жедел қарау және шешу мақсатында Бизнес мәселелерін шешу жөніндегі эксперттік топ құрылды. Осы топ аясында мемлекеттік қолдауға бөлінген қаражаттың тиімділігіне талдау жүргізіледі.

Айта кетейік, елімізде ШОБ субъектілерін жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламасы әзірленіп жатыр.