Шағын және орта бизнес субъектілерінде қанша адам жұмыс істейді
АСТАНА. KAZINFORM – Шағын және орта бизнес субъектілерінде 4,4 млн адам жұмыспен қамтылған. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің директоры Дарын Әбдуәлі айтты.
- Бүгінгі таңда Үкімет бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту және әкімшілік жүктемені азайту бойынша жүйелі шараларды, сондай-ақ кәсіпкерлік секторды мемлекеттік ынталандырудың тікелей шараларын іске асыруда. Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық экономиканың тұрақты дамуының маңызды факторы саналады. Ресми статистика деректеріне сәйкес, өткен жылы жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнес үлесінің өсуі байқалады. 2024 жылдың 4-тоқсанында экономикадағы ШОБ үлесі 39,7 пайызды құрады. Бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңінен 3,2 пайыздық тармаққа артық, - деді департамент басшысы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Дархан Әбдуәлінің дерегінше, 2024 жылы жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 2,2 пайызға артып, 4,4 млн адамға жетті.
- ШОБ субъектілерінің өнім шығару көлемі 2024 жылғы 4-тоқсанда 19,2 пайызға ұлғайып, 81 трлн теңгені құрады, - деді ол.
Айта кетейік, былтыр Қазақстанда 1 млн-нан аса әйел шағын және орта бизнесті басқарған. Бұл шағын және орта кәсіпкерлік (ШОК) субъектілерінің жалпы санының 48,1 пайызын құрайды.