Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5 есе өсті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда соңғы жеті жылда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5 есе артты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында саланың экономикадағы рөлін атап өтіп, бизнесті әртараптандыру, өндірісті дамыту және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау міндеттерін айқындады.

Фото: Видеодан алынған кадр

Президенттің айтуынша, шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жеткен, ал негізгі капиталға салынған инвестициядағы үлесі 70 пайызға жақындаған. Сонымен қатар кәсіпкерлердің үштен бірінен астамы сауда саласында жұмыс істейді. Осыған байланысты орта бизнесті дамытудың арнайы жоспарын әзірлеу, кәсіпорындарды ұзақ мерзімді қаржыландыру және өндірісті технологиялық жаңғырту көзделіп отыр. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, өнім берушілерге қойылатын талаптарды жеңілдету қажеттігін де атап өтті.

Кәсіпкерлердің қаржыға қолжетімділігін арттыру мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры жеңілдетілген кредит, субсидия және кепілдік беру тетіктерін ұсынады. 2019-2026 жылдары бұл құралдар 228,6 мың жобаны қамтыды. Кредиттердің жалпы сомасы 13,2 трлн теңгеге жуықтады. Осы кезеңде қолдау алған кәсіпкерлер 899,2 мың жұмыс орнын сақтап, 93,1 мың жаңа жұмыс орнын ашты. Сондай-ақ 134,8 трлн теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 9,4 трлн теңге салық төледі.

Кепіл мүлкі жеткіліксіз кәсіпкерлердің кредит алу мүмкіндігін кеңейту үшін 2025 жылы «Даму» қорының базасында кепілдік беру қоры құрылды. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаменті директорының орынбасары Саламат Оңалбековтың айтуынша, биыл да кәсіпкерлерді қаржылай қолдау жалғасып жатыр.

— Кәсіпкерлердің кепілдік мәселесін шешу үшін «Даму» қорының базасында 2025 жылы Кепілдік қоры құрылды. Биыл 407 млрд теңгеге 2 250 жоба қолдау тапты. Осы жылы «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылып, оның аясында 42,5 млрд теңгеге 647 жобаға қолдау көрсетілді, — деді Саламат Оңалбеков.

«Іскер аймақ» бағдарламасы микро және шағын бизнеске, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған. Кәсіпкерлер үш жылға дейінгі мерзімге 200 млн теңгеге дейін несие ала алады. Мемлекет несие сыйақысының 40 пайызын субсидиялайды. Ал «Өрлеу» бағдарламасы аясында 7 млрд теңгеге дейін кредит беріліп, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 12,6 пайыздан аспайды. Инвестициялық кредиттің мерзімі 10 жылға дейін белгіленген.

Кәсіпкерлерге мемлекеттік қызметтерді алу және әкімшілік мәселелерді шешу бойынша да көмек көрсетіледі. Қазір бес өңірде бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталықтары жұмыс істейді. Олар «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетеді.

Сондай-ақ бизнестің еркін дамуына кедергі келтіретін әкімшілік жүктемені азайту мәселесі күн тәртібінде тұр. Президент Жолдауында микро және шағын бизнесті тексеруге 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап үш жылдық мораторий енгізудің орындылығын талқылауды ұсынды. Сондай-ақ отандық өндірушілерге негізсіз кедергі келтіруді тоқтатып, әділ бәсекені қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Ендігі міндет — қаржылық қолдаумен қатар, кәсіпкерлерге тұрақты әрі болжамды жұмыс жағдайын қалыптастыру, өндірісті кеңейту және қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілетін арттыру.

Бұған дейін отандық кәсіпкерлердің ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің мемлекеттік сатып алу нарығына шығу мүмкіндігін кеңейтетін өзгерістер туралы жазған едік.