Шағымнан кейін Семей полиция басқармасының басшысы қызметінен кететін болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Семей қалалық полиция басқармасының басшысы Мақсат Зекенов қызметінен кетеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Баспасөз мәслихатында әлеуметтік желіде Семей қалалық полиция басқармасының басшысына қатысты шағым болғаны, онда аталған Мақсат Зекенов жеке құрамнан ақша бопсалаумен айналысып жүргені жазылғаны айтылды.

Осы орайда аталған шағымға қатысты тиісті тексеру жүргізу мүмкіндігі сұралды.

Өз кезегінде облыс әкімі Даниал Ахметов Семей қалалық полиция басқармасының басшысы жақын арады қызметінен босатылатынын жеткізді.

«Әлеуметтік желідегі барлық фактілерді қарап, оған тыңғылықты талдау жасаймыз. Жақын арада Семей полиция басқармасының басшысы өз қызметінен кетеді. Осы орайда барлық мәселелерді тексеріп, қарап жатырмыз», - деді ШҚО әкімі.