Шағын авиацияға арналған жаңа ұшақтың тұсаукесері өтті

АСТАНА. Шілденің 23-і. ҚазАқпарат. Шілденің 23-де Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Ахметов «Бошунг-Синекс АГ» компаниясы шығарған Thrush 510 ұшағының тұсаукесер рәсіміне қатысты.

Ақмола облысының Приозерный ауылында авиациялық- химиялық жұмыстарға арналған әуе кемесінің ұшу сапары көпшілікке таныстырылды. Аталған шараға көлік және коммуникация, индустрия және сауда, ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ астық егетін үш облыс - Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай  әкімдіктерінің басшылары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ККМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында авиациялық -химиялық жұмыстарда кеңес дәуірі кезеңінде шығарылған 300-ге жуық АН-2 ұшақтары қолданылуда. Аталған кемелердің орташа пайдалану мерзімі 32 жылды құрайды.

Мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отандық тауар өндірушілердің шаруашылық өнімін экспорттау мөлшерін ұлғайту стратегиялық міндетін ескере отырып, қазіргі кезде агроөнеркәсіп кешенінде қолданатын әуе кемелерін жаңарту мәселесі өзектілігімен ерекшеленеді.

Әлемдік әуе техникасы нарығында бүгінгі кезде таңдау мәселесі кеңінен орын алып отырғанын айта кеткен жөн. Көпшілікке көрсетілген Thrush 510 ұшағы жоғары санатты әуе кемелеріне қойылатын техника-экономикалық талаптарға сай келетіндердің бірі.

Қазақстанда осы үлгідегі ұшақтарды қолдану мүмкіндіктерін зерделеу үшін ауыл шаруашылығында пайдаланылатын жерлерді химиялық өңдеу барысында көпшілікке көрсету бойынша ұшу сапарлары жұмыс ретімен жүргізілетін болады. Осы орайда, өндіруші компанияның техниканы жеткізуімен қатар персоналды дайындау жұмыстарын жүргізуі өте маңызды сипат болып табылады. Сондықтан, көпшілік назарына ұсынуды ұшқыштар оқуынан өткен және халықаралық сертификаты бар қазақстандық пилоттар жүргізеді. Қызмет көрсету бойынша техникалық түсіндіру және консультация беру жұмыстарын АҚШ-та оқыған және тәжірибе алған инженерлік-техникалық құрам іске асыратын болады.