«Шағын ЭКСПО» инновациялық идеялар мен жобалар байқауының жеңімпаздары марапатталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Қазақстан инновейшн» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Шағын ЭКСПО» инновациялық идеялар мен жобалар байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қоғамдық келісім сарайында өткен салтанатты шараға бірқатар облыстық басқармалар мен ведомстволардың басшылары мен дін өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың төрағалары және жастар қатысты.  Облыс әкімінің атынан құттықтау сөз сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов еліміздің, оның ішінде Ақмола облысының 25 жылда жеткен жетістері туралы айтып берді.

 

 «Тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы біз Отанымызды көркейтудің тарихи мүмкіндігіне ие болдық. Тәуелсіздік біз үшін аса қымбат»,- деді Нұрлан Жаңбыршыұлы.

Салтанатты шара барысында ел тәуелсіздігінің  25 жылдығына орай, егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың басшылары мен дін өкілдеріне  «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медальдары тапсырылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтің атынан әр салада еңбек ететін тәуелсіздіктің 22 құрдасына Алғыс хаттар тапсырылды.

    

Мерекелік шара аясында «Қазақстан инновейшн» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Шағын ЭКСПО» инновациялық идеялар мен жобалар байқауының жеңімпаздары анықталып, «Қалдықтарды залалсыздандыру», «Білім беру мекемелерінде қуат үнемдеу», «Қалпына келтірілетін және қосалқы көздер», «мектеп жобаларының арасында қалпына келтірілетін және қосалқы көздер», «Экологиялық ауыл шаруашылығы», «Экология және табиғатты пайдалану»  аталымдары бойынша бірінші дәрежедегі дипломдармен марапатталды.

Шара қорытындысында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын арқау еткен республикалық және облыстық байқауларға қатысып, топ жарып жүрген жергілікті өнерпаздардың ән шашу жұртшылықты тебіреніске бөледі.