Шағын қалаларды қайтсек дамытамыз? - «Астана - Мәскеу» бейнекөпірі

АСТАНА. 9 ақпан. ҚазАқпарат - Елбасының биылғы жылғы Жолдауында мемлекет алдына қойған маңызды мәселелердің бірі шағын қалаларды дамытумен байланысты болды. Елбасы Жолдауында Жаңаөзен тұр­­ғын­дарының басым көпшілігі Мәжіліс сайлауында «Нұр Отан» партиясына дауыс бергендігін, яғни бұл қала тұрғындарының мемлекет саясатын толық қолдайтындығын ерекше атап өтті.

Осы ретте Президент Үкіметке бір салалы шағын қала­лар­ды дамыту туралы ар­найы бағ­дарлама жасау жөнінде үлкен міндет қойды. Яғни мемлекеттік саясатты қолдап отырған еліміздің аймақтарындағы қалалардың барлығы да өздері қолдаған партияның еңбектерінің жемісін көрулері керек. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы жұртшылықты елең еткізген жағымды жаңалық болды десе болады. Мұның өзіндік себебі де бар. Қалың көпшілік шағын қалалардағы жағдай оңалса, елдің жайлы өмір іздеп немесе нәпақа табу мақсатында өзі тұратын жерден жүздеген, мыңдаған километр қашықтықта жатқан мемлекеттегі ірі мегаполистерге үдере көшу үдерісі тоқтай ма деген үміт.  

Түптеп келгенде, шағын қалалардың жағдайы қазір тек Қазақстан үшін ғана емес, көршілес жатқан көптеген мемлекеттерде де үлкен мәселеге айналып отырған көрінеді. Бұны бүгін «Риа-Новости» агенттігінің ұйымдастыруымен «Астана-Мәскеу» форматында өткен    бейнекөпір барысында Қазақстан Парламенті мен мемлекетік органдарының өкілдері және ресейлік мамандар да атап өтті. Олар тіпті шағын қалалардың жағдайы қазір заман талап етіп отырған келелі мәселелердің бірі екендігін де айтады. Ресей Федерациясы Мемлекеттік  Думасының депутаты Александр Абалаковтың пікірінше,   мемлекет азаматтардың тіршілік етіп отырған ортасына ерекше көңіл бөлуі қажет. Өркениеттің бүгінгі даму үдерісі осыған алып келе жатыр. Ал шағын қалалар тіршілік етуге ең қолайлы аймақтар болып табылады. Сондықтан ондағы жағдайды мемлекеттің басқа да аймақтарындағыдай ыңғайлы етуге күш салу қажет. Бүгінгі таңда қалың «көпшілік жаппай миллиондаған тұрғындары бар ірі мегаполистерге үдере көшуде» деген түсініктен арылу қажет. Мұндай сөздер әрине, әлі де болса айтылып жатады. Алайда оған ескіден қалған түсінік ретінде қараған жөн. Сондықтан бізге шағын қалалардың жағдайы туралы айтқанда, бірінші кезекте ондағы халыққа қандай лайықты мүмкіндіктер жасауға болады деген мәселені ойлау керек. Республика тұрғындары мемлекеттің барлық аймақтарына біркелкі орналасқандары жөн. «Сайып келгенде, бұған шешуін күткен проблема емес, болашақта атқарылуы тиіс міндеттердің бірі деп қараған жөн», - дейді депутат.

Бейнекөпір барысында шағын қалалардың жағдайына қатысты мәселелер жөнінде сөз қозғаған Ресей Федерациясы Шағын қалалар одағының президенті Евгений Марков та осы пікірді құптады. Оның пайымдауынша, Қазақстанда да, Ресейде де шағын қалалардағы өмір сүрудің тиімділігін жоққа шығаруға болмайды. «Шағын қалалар экологиялық жағынан алғанда да тартымды, өмір сүруге қолайлы. Бүгінде болашақ осы қалалардың еншісінде деп айтуға толық негіз бар. Жаңа технологиялардың, ақпараттық технологиялардың, интернеттің қарқынды дамуы - республика аймақтарындағы халықтардың барлығының тұрып жатқан жерінен ешқайда шықпастан-ақ, жалпыұлттық, мәдени, экономикалық және өзге де салалардан хабардар болып отыруларына тамаша мүмкіндік тудырып отыр. Бұл бүгінгі біздің заманымыздың жаңа факторлары және олар адамдардың мінез-құлқына да әсер ете бастады. «Сондықтан бұл бағытта Ресейде қандай шаралар атқарылуда, Қазақстанда қандай қадамдар жасалуда деген мәселе төңірегінде келісе отырып, тәжірибе алмасқан оңды болар еді», - деді Ресей өкілі.

Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьеваның айтуынша, ежелден көшпелі саналатын қазақ халқы республиканың ең шалғай жатқан аймақтарына да барып, тұрып жатыр. Нәтижесінде қазір республика халқының 50 пайызға жуығы ауылдық аймақтарға қоныстанған. Ал шағын қалаларға келетін болсақ, олар адамдардың тұрып жатқан орталары. Ал орта оған қажетті жағдайлар мен шарттар болғанда қалыптасады. Осы себептен болар, Қазақстанда бірнеше жылдардан бері еліміздің аймақтарын дамытуға бағытталған саясат жүргізіліп келеді. Елдегі индустриялық-инновациялық нысандардың көптеп салынуы да осы аймақ тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отырған шаралардың бірі. Өз кезегінде мұндай нысандар аймақтардың өз еркімен, тиімді дамуына ықпал ететін тетік іспеттес. Шағын қала тұрғындарының өздері тұрып жатқан аймақта тұрақты тұруы үшін қандай жағдайлар қажет, ол жерлерде нендей шараларды қолға алу керек деген мәселелер әрине мемлекеттің мойнындағы міндет. «Бұған қоса біз мынадай мәселені де ескеруіміз керек. Қазақстанда үлкен көші-қон үдерісі жүріп жатыр.  Біз бірнеше жылдардан бері, әлемдегі 3 мемлекеттің бірі ретінде шетелдегі қандастарымызды елге қайтарып жатырмыз. Тарихта болған көптеген нәубаттардың салдарынан шетел асып кеткен бауырларымыз өте көп. Шағын қалалардың жағдайын айтқанда, осы шет мемлекеттерден келген туыстардың да барған жеріне сіңісіп, ел болып кету жағын да ойлауымыз керек. Түптеп келгенде, біз қолға алатын шаралардың барлығы шағын қала тұрғындарының өздерін еркін сезініп, елде болып жатқан үдерістерден тыс қалғандай сезінбейтіндей өмір сүруіне қажетті жағдай жасау болып табылады», - деді халық қалаулысы.

Бүгінгі басқосуға қатысқан Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов шағын қалаларды дамыту сияқты маңызды мәселелердің жайын бүгінгідей жағдайда талқылаудың маңызы өте зор екендігін айтады. Шағын қалалардың жағдайы бүгін Қазақстанның күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі. Жалпы еліміз тәуелсіздігін алып, мемлекеттің қалыптасу жылдары басталғанда көптеген шаралар негізінен орталықта жүзеге асырылатын. Кейінірек, мемлекет қалыптасып, еліміз аяғынан тік тұрған сәтте республикада болып жатқан үдерістердің барлығы аймақтардан да көрініс таба бастады. Соңғы уақытта тіпті бюджеттен бөлінетін қаржы орталықтан аймақтарға ағыла бастағандығының да куәсі болып отырмыз. Осыған сай аймақ халқының экономикалық белсенділігі де арта бастады. «Біз шағын қалалар туралы айтқанда республика тұрғындарының жартысы аймақтарда тұратынын есте ұстауымыз қажет. Яғни біз бірінші кезекте осы халықтың мүддесіне жұмыс істеуіміз керек. Жалпы алғанда республиканың әрбір азаматы қай жерде тұрса да, жалпыға бірдей мүмкіндіктерге ие болуға құқылы. Сондықтан да болар, мемлекет түрлі трансферттер мен өзге де мүмкіндіктерді пайдаланып, елдегі жағдайды бірыңғай етуге күш салуда. Бұл бағытта біздің тиісті заңдарымыз да бар. «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңды біз қабылдадық. Әрине оның 100 пайыз тиімділігі жөнінде айтуға әлі ерте. Біз биылғы жылы оса салаға реформа жасап, заңға қазіргі жағдайдағы қажеттіліктерді негізге ала отырып, тиісті өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз. Сондықтан бұл бағытта пікір алмасып, ой бөлісу ұтымды қадам болғалы тұр», - деді депутат.