Бүгін Парламент Сенатында өткен конференция барысында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев осылай мәлім етті. Еске салайық, конференция негізінен «Әкімшілік заңнаманы реформалау: проблемалар мен жетілдіру бағыттары» тақырыбына арналған болатын.
«Мемлекет басшысы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне заңсыз тексерулерді болдырмау, ондай қадамдарға барғандарға жауапкершілікті қатаңдату туралы тапсырмалар жүктегені белгілі. Осыған орай, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің жобасына ұсынысымыз бар. Атап айтқанда, шағын кәсіпкерлікті тексеру тәртібін және мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жаза айтарлықтай қатаңдатылуы керек», - деді Азат Перуашев.
Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаты тәуекелдерді тәуелсіз бағалау барысында өрт қауіпсіздігі саласындағы заң бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершіліктен босату мәселесін көтерді.
«Өйткені, бұл жүйеде мемлекеттік бақылау функцияларын жеке, тәуелсіз ұйымдарға беру көзделіп отыр. Ал бұндай мәселеге қолданыстағы заңнамамызда тікелей тыйым салынған. Бұдан басқа, аталған норма тәуелсіз ұйымдармен коммерциялық келісімшарттар жасау арқылы мемлекеттік қадағалау функцияларын беруді қарастырады. Ал мұның өзі мемлекеттік қадағалау функциясын коммерцияландыруды білдіреді әрі осы саладағы сыбайлас жемқорлыққа бейімділікті арттырады», - дейді А. Перуашев.