Шағын су кемелерін тексеру жұмыстары жүріп жатыр

АСТАНА. 2 шілде. ҚазАқпарат - «Скутер» акциясы аясында шағын су кемелерінің қатысуымен болатын қайғылы оқиғалардың алдын алу шаралары жүргізілуде.

ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі Көліктік бақылау комитетінің хабарлауынша, акция басталғалы бері қауіпсіздік ережелерін сақтамауға қатысты 79 құқық бұзушылық анықталып, 19 шағын кемені пайдалануға тыйым салынды.

Көліктің бақылау комитеті төрағасының орынбасары Серғазы Омаштың айтуынша, биыл шағын су кемелерінің қатысуымен бірнеше қайғылы оқиға болып, 6 адам қаза тапты. «Негізі, елімізде шағын су кемелерінің саны жыл сайын артып келеді. 2001 жылы олардың жалпы саны 10 мың болса, 2011 жылы бұл көрсеткіш үш есе өсіп, 29 мың бірлікті құрады», - дейді ол.

«Скутер» акциясы тамыз айына дейін жалғасады. Оның аясында бүгін Астанадағы Есіл өзенімен қатынайтын шағын су кемелері тексеріліп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.