Шағын және орта бизнеске несие 6-7 пайызбен берілуі тиіс – Нұртай Сабильянов
«Президенттің қатысуымен өткен Үкімет кеңесінде көп дүние айтылды. Мемлекет басшысы елде болып жатқан жағдайларға қатысты өз көзқарасын білдіріп, нақты тапсырмалар берді. Басты мақсат – халықтың өмір сапасын арттыру. Ол үшін экономиканы дамыту қажет. Экономика оңтайландырылса, тиісінше бюджетке түсетін қаржы да көбейе түседі. Бірақ, іс нақты болуы керек. Егер біз шағын және орта бизнесті дамытамыз десек, жеңілдетілген несие берілуі керек. Тұрақты әрі 6-7%-дан аспауы тиіс. Әйтпесе қазіргі пайызбен ешқашан экономикамызды да, кәсіпкерлікті де дамыта алмаймыз», – деді Нұртай Сабильянов Jibek Joly телеарнасындағы «JJ Talk» бағдарламасының эфирінде.
Сонымен қатар халық қалаулысы жергілікті атқарушы органдардың жұмысына қатысты ойын ортаға салды.
«Біз аудан-ауылдарды аралап, халықтың мәселесін тыңдап, оны Үкіметтің алдында көтереміз. Осы жерде Үкімет мүшелері, әкімдер неге халық арасына барып, олардың мәселесін өздері шешпейді? Бұл бағытта Үкімет, жергілікті атқарушы органдар және Парламент бірлесіп жұмыс істесек жұмыс нәтижелі болады», - дейді ол.