13:52, 25 Мамыр 2009
Шағын және орта бизнесті қолдау аясында бүгінде 118 миллиард теңгеден астам соманың келісім-шарты жасалып отыр ? вице-премьер С.Ахметов
АЛМАТЫ. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Дәурен Жайлин/ - Біздің басты мақсатымыз - бизнестің экономикалық дағдарысты еңсеруіне ғана емес, сонымен бірге оларға дағдарыстан кейінгі кезеңде де дамудың негізін қалауға көмектесу.
Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан Ұлттық бизнес-форумда Премьер-Министрдің орынбасары Серік Ахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. С.Ахметовтың айтуынша, дағдарыстан кейінгі дамудың негізгі құрамдас бөліктері (компоненттері) іскерлік белсенділікті ынталандыру, экономиканы әртараптандыру және бәсекеге қабілетті өндірістер құру, адами әлеуетті дамыту, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қолдау көрсету болып табылады. Заемдық капиталдардың сыртқы нарығы жабылған бүгінгі жағдайда мемлекет банктерге жекеменшік секторды несиелендіруге қосымша капитал бөліп отыр. Шағын және орта бизнесті қолдауға 120 миллиард теңге бөлінгені баршаға мәлім. «Бүгінде 118 миллиард теңгеден астам сомаға келісім-шарттар жасалып отыр. Бұл ? 2 390 нақты бизнес-жоба», - деп атап көрсетті С.Ахметов өз сөзінде.