Шағын және орта бизнесті несиелеу үшін берілген 127 млрд. теңгені банктер маусымның ортасына дейін игереді - Вице-премьер

None
АСТАНА. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Шағын және орта бизнесті қайта қаржыландыру және несиелеу бағдарламасы бойынша үшінші транш аясында берілген 127 млрд. теңгені екінші деңгейлі банктер ары кеткенде маусым айының ортасына дейін игеретін болады.
Бүгін Астанада өткен BNews.kz ақпараттық-сараптамалық порталындағы интернет конференцияда бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Серік Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Менің ойымша, үшінші транш аясындағы 127 млрд. теңгені банктер мамырдың соңында, ары кеткенде маусымның бірінші жартысында игеретін болады. Ал, «Даму» қоры мен банктер арасындағы келісімге сәйкес, бастапқыда бұл соманы шілденің 1-не дейін игеру жоспарланған болатын», деді Вице-премьер. Оның айтуынша, қазіргі таңда екінші деңгейлі банктер үшінші транш аясындағы 127 млрд. теңгенің 92,5 млрд. теңгесін игерген. Игерілген қаржының 25 млрд. теңгесі Алматы қаласының, 11,1 млрд. теңгесі Астана қаласының, ал 56,4 млрд. теңгесі 14 облыстың үлесінде. Банктердің ішінде БТА банкі мен Цесна банкі бөлінген қаржыны толығымен жаратқан. «Үкімет апта сайын қаржының игерілуіне мониторинг жасап, әр өңір бойынша ақпарат алып отыр», деді Вице-премьер. 127 млрд. теңге банктерге ақпан айының соңында аударылғанына тоқталған С. Ахметов: «Наурыздың 16-дағы жағдай бойынша небәрі 10,3 млрд. теңге игерілген болатын. Осыған байланысты Үкімет екінші деңгейлі банктердің басшыларымен бірнеше кеңестер өткізді. Онда біз несиелерді жедел алуға тосқауыл болып отырған мәселелерді қарастырдық, оның нәтижесінде несиелерді алу процедураларын жеңілдету жөніндегі бірқатар шаралар қабылданды. Шұғыл қабылданған шаралардың, сондай-ақ банктердің және бизнес қоғамдастықтың белсенді ұстанымының арқасында қазіргі таңда қаржының игерілуі кестеден бір айға озып кетті», деді. Вице-премьер сонымен қатар қазіргі таңда қаражатты бір банктен басқа банктерге қайта бағыттаудың қажеті жоқтығын атап көрсетті. «Банктердің барлығы қаржыны игере бастады. Сондықтан қаржыны бір банктен екінші банкке қайта бағыттаудың қажеті жоқ», деді ол.