Қарағанды облысының санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, Шахан кентінде орналасқан «Қарттар мен мүгедектердің медициналық-әлеуметтік мекемесі» КММ-де ПТР зерттеу нәтижелері бойынша 96 адамда коронавирустық инфекция анықталды, оның ішінде 70-і қамқорлықтағы азаматтар және 26-сы осы мекеменің қызметкерлері.
«Барлық науқастар ауруханаға жатқызылды, байланыста болғандар оқшауланды және медициналық бақылауда. Ауыр халдегі науқастар жоқ. Эпидемияға қарсы қажетті іс-шаралар толық көлемде жүргізілді. Эпидемиологиялық жағдай бақылауда», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік , Қарағанды облысының Шахан кентінде коронавирус инфекциясын жұқтыру оқиғасы тіркелген болатын. Осыған байланысты Шахтинск қаласының бас санитарлық дәрігері аталмыш елді мекенде шектеу шараларын қатаңдату туралы шешім қабылдады. Жаңа қаулы 2021 жылғы 6 ақпанда сағат 00-00-ден бастап күшіне енеді.