Шаханда қаза тапқандардың отбасыларына 9 млн теңге төлейді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында Шаханда зардап шеккендерге көмек көрсету қоры есебінен қаза тапқандардың отбасыларына алғашқы төлем жүргізіледі, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

«Бүгін Шаханда ТЖ салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсету қорының қамқоршылар кеңесінің алғашқы отырысы өтті.  Кент қоғамдастығы өкілдерінен құралған кеңестің мүшелері қаза тапқандардың отбасыларына жерлеу рәсімі үшін 9 млн теңге төлеу туралы шешім қабылдады», - деп айтылады хабарламада.

Ары қарай қордың қаржысы өтемақы төлеу және тұрғын үй алып беруге бағытталады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда қордың шотында 42 млн теңге жиналған, деп көрсетілген хабарламада.

Басқарманың ақпаратына сүйенсек, Шаханға гуманитарлық көмек ретінде 6 тонна азық-түлік, тұрмыстық тауарлар, төсек жабдықтары мен киімдер түскен.

Осыған дейін хабарланғанындай, баспанасыз қалған Шахан тұрғындарына пәтер қайырымдылық қорынан алып беріледі. Тұрғын үйдің 4-ші кіреберісіндегі барлық 3 бөлмелі үйлер қалпына келтіруге жарамсыз. Сарапшылар көп қабаттың үйдің қалған үш кіреберісін жарамды деп тапты. Модульдік қазандық іске қосылып, жылу жүйесімен қамтамасыз етілді. 

Биліктің мәлімдеуінше, 1, 2 және 3 кіреберістердегі 45 пәтердің тұрғындары өз үйлеріне қайтып келді. Тұрғын үйдегі жылу, жарық, су жүйелері толықтай қалпына келтірілді. 4 кіреберістің опырылған жерлері жөнделуде.

Еске сала кетсек, 1 қаңтар күні 22 сағат 40 минуттар шамасында Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Шахан кентінде көпқабатты үйдің құлағаны жөнінде арнайы хабар келіп түскен. Оқиға орнынан төтенше жағдайлар қызметінің күш құрылымдары мен арнайы техникалары жөнелтіліп, тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілді.

Қираған үйдің үйінділерінен 9 адамның мәйіті табылды. Олардың үшеуі ер адам, үшеуі әйел адам, тағы үшеуі балалар. Ресми тізімді Қарағанды облысының төтенше жағдайлар қызметі ұсынды.

Қираған үйге қатысты материал ҚР ҚК 292-бабы 3-бөлігі бойынша бірыңғай сот алды тергеу  тізіліміне тіркелді. Құлаған үй 1987 жылы салынған. Әкімдіктің ақпаратына сәйкес үйде 118 адам тұрған. Құлаған кіреберісте 25 тұрғын болған.

Қайырымдылық көрсетем деушілер үшін қордың есеп нөмірі:

«Шахтинск қаласындағы Шахан кентінде болған төтенше жағдайдан зардап шеккендерге көмек көрсету қоры» жеке қайырымдылық қоры.

«Цеснабанк» АҚ-ның Қарағанды қалалық филиалы 

БИН/ИИН: 170140001103

Есеп KZT KZ58998HTB0000352677

Код КБЕ 18

Банк реквизиттері 

БИК TSESKZKA

Мекенжай: 100019, Қарағанды қаласы, Чкалов көшесі 7/4

БАНК БИН: 040541008233