Шахан кентінің әкімдігі және Шахтинск қаласының әкімдігі адамдарды тасымалдау және дәмхананы жалға алуға көмек қолын созды. «Шахтинск қаласының Шахан кентінде болған төтенше жағдайдан зардап шеккендерге көмек көрсету қоры» қоғамдық бірлестігі құрбан болғандардың отбасыларына алдын ала 500 000 теңгеден қаржы бөлді. Қор төрағасы Жамала Мамырханованың айтуынша, бөлінген қаржы 2017 жылдың қаңтар-ақпан айларында қазақстандықтар жинаған көмектен алынған.
«Қорға жеке және заңды тұлғалардан жалпы 203 миллион 851 мың 192 теңге жиналды. Іс жүзінде қор қызмет жүргізіп жатқан жоқ. Бірақ оны заңды түрде жабу үшін аудит жүргізіп, қордың есебінде тұрған жеті пәтерді жаңа иелерінің меншігіне өткізу керек», - дейді ол.
Еске сала кетсек, 2017 жылғы 1 қаңтар күні 22:40-та Қарағанды облысы ТЖД құтқару бөліміне Шахтинск қаласы Шахан ауылындағы көпқабатты үйдің бір бөлігі опырылып түсіп, соның салдарынан 9 адам қаза тапқаны туралы хабар түскен.