«Жылдың басында Шахандағы апаттың орын алуы барша қазақстандықтар үшін үлкен қайғы. Бәріміз опат болған отандастарымыздың қазасына ортақпыз, орны толмас қазаға қайғырып, көңіл айтамыз. Өзім де қаза болған азаматтардың туыс-туғандарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тездетіп сауығып кетулеріне тілектеспін»,- деп жазды Д.Абаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске сала кетейік, 1 қаңтар күні 22:40-та Қарағанды облысы ТЖД құтқару бөліміне Шахтинск қаласы Шахан кентіндегі көпқабатты үйдің бір бөлігі опырылып түскені туралы қоңырау шалынған. Оқиға орнына шұғыл түрде ТЖД құтқарушылары жөнелтіліп, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Әуелі 1 адамның мәйіті үйінді астынан шығарылған болатын. Кейін екінші тұрғынның денесі үйінді астынан табылды. Қазіргі уақытқа дейін үйінді астынан 9 көз жұмған адамның денесі аршып алынды. Оның үшеуі ер адам, үшеуі әйел, үшеуі бала. Баланың біреуі 2016 жылғы,екіншісі 2010 жылғы.