Шахандағы жарылыстан зардап шеккендер қайырымдылық қаржысына таласты

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Шахан кентіндегі жылу қазандығы жарылысынан зардап шеккен отбасылардың бірі қайырымдылық қаржысы жөніндегі дауға алаңдаулы, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Баласымен бірге қаза тапқан әйелдің әкесі қазақстандықтар жинап берген жылудан бөлінген екі миллион теңгенің өзіне берілуі керектігін айтуда. Алайда бұл қаражат оның күйеу баласына берілді.

Юрий Морозов жалғыз қызы мен алты айлық немересін жер қойнына тапсырды. Екі жақынын жоғалтқандықтан, ол өзін зардап шегушімін деп есептейді.

«Қамқоршылық кеңес дұрыс істемеді. Күйеу баламмен бетпе-бет келмеу үшін бәрімізді жинап, бұл мәселенің ортақ шешімін шығару керек еді. Біздің қайғымыз ортақ», - деді Юрий Морозов.

Қарағандыдағы брифингте «Шахан тұрғындарына көмек қоры» қамқоршылық кеңесінің төрайымы Жамала Мамерханова «туыстардың арасындағы мұндай қарым-қатынасқа кешірім жоқтығын» айтты.

«Бұл жағдайда әйелі мен баласын жоғалтқан ер адамның екі миллион теңге түріндегі моральдық өтемақы алуға құқығы жоқ деп айту орынсыз. Олар ресми некеде тұрған. Ол өз отбасынан айырылды», - деді Жамала Мамерханова.

Еске сала кетсек, биыл 1 қаңтарда кешкі 22:40-та Қарағанды облысы Шахан елді мекенінде бесқабатты үйдің жертөлесіндегі жылу қазандығы жарылды. Салдарынан төртінші кіреберіс қирады. 9 адам мерт болып, екі адам жараланды.