Шахандық от жағушының мәйіті ен даладан табылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Шахтинск қаласы маңында орналасқан Шахан кенті жанындағы жазық даладан көпқабатты үйдегі жылу қазандығының жарылуы бойынша атышулы істің куәгері болған от жағушының  мәйіті табылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«От жағушының мүрдесінде ешқандай зорлық-зомбылық ізі жоқ. Мәйіттің табылуы бойынша тергеу жүріп жатыр. Жесірі оны таныды. Мәйіт сараптамаға жіберілді», - деп мәлімдеді Қарағанды ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияров.

От жағушының жылу қазандығының жарылуы және 9 адамның қаза табуы туралы қылмыстық іс бойынша куәгер атанғаны белгілі. Сол түні от жағушы ауысымда болған және жылу жүйесінің тоқтаусыз жұмыс істеуін бақылауы тиіс еді.

Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК 281-бабы, 2-бөлігі («Жарылыс қаупi бар объектiлерде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу, абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғу») бойынша жүргізіліп жатыр. 1 сәуір күні тергеу төртінші айға ұзартылды. Қазіргі уақытта зардап шеккендер мен куәгерлерден жауап алынуда, бірқатар сараптамалар тағайындалды.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 1 қаңтарда кешкі 22:40-та Қарағанды облысы Шахан елді мекенінде бес қабатты үйдің жертөлесіндегі жылу қазандығы жарылды. Салдарынан төртінші кіреберіс қирады. 9 адам мерт болып, екі адам - 32 жастағы Александр Галышев пен 11 жасар Елена Васильева жараланды.

Бұған дейін әкімдік, энергетика басқармасы және ТЖ департаменті қызметкерлерінің Қарағанды облысындағы жеке қазандығы бар үйлерге кешенді тексеріс жүргізгені хабарланған еді. Бұл жұмыс бір айға созылып, 31 қаңтар күні аяқталды. Автономды жылыту жүйесі бар 688 нысан анықталды, олар - тұрғын үйлер мен мемлекеттік мекемелер. Жылыту маусымы аяқталған соң, азаматтардың қауіпсіздігі үшін барлық қазандықтар ғимараттардан тыс жерге шығарылады.