Шахмардан Есеновтің 100 жылдығы UNESCO көлемінде тойлануы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — 2027 жылы белгілі геолог, Геология министрлігі мен Ғылым академиясын басқара жүріп Қаражанбас, Кеңқияқ, Қаламқас, Бозащы мұнай кеніштерінің ашылуына тікелей атсалысқан ғалым Шахмардан Есеновтің туғанына 100 жыл толады. Осы айтулы күн UNESCO көлемінде тойлануы мүмкін.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында айтылған.
— Көрнекті қайраткердің мерейтойы Қызылорда облысы әкімдігінің ұсынысы бойынша 2026-2028 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндер тізбесіне енгізілген. Сондай-ақ, Шахмардан Есеновтың есімі өңірлерге жұмыс барысында басшылыққа алу үшін жолданған «Тарихи тұлғалар» тізбесіне енгізілді.
Сыртқы істер министрлігіне ғалым Шахмардан Есеновтың 100 жылдығын ЮНЕСКО-ның атаулы күндер тізіміне енгізу туралы ресми хат жолданды, — деп жазылған ресми жауапта.
Депутаттық сауалда жер туралы ғылымдар саласында Шахмардан Есенов атындағы сыйлық тағайындау ұсынылған болатын.
— Республикалық бюджеттің шектеулі мүмкіндіктеріне және әлеуметтік бастамаларды қаржыландыруды оңтайландыру қажеттілігіне байланысты қосымша мемлекеттік сыйлықтар тағайындау мәселесі қарастырылмайды, — деп жазады Серік Жұманғарин.
Бұған дейін Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы Шахмардан Есеновтің 100 жылдығын UNESCO-ның мерейтойлық күндер тізіміне енгізу туралы ұсыныс көтергенін жазған едік.