ШАХМАТ: Д. Сәдуақасовтың кубогына арналған республикалық турнирде қызылордалықтар үшінші орын алды

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қостанай облысында шахматтан халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасовтың кубогына арналған жасөспірім дарынды шахматшылар арасында республикалық турнир өтті.

Биыл тоғызыншы мәрте ұйымдастырылған бәсекеге Астана қаласы мен еліміздің 11 облысынан 123 балғын шахматшылар қатысты.

Жарыс швейцар жүйесі бойынша 9 турда өткізілді. Турнир нәтижесінде жалпыкомандалық есепте Қызылорда облысының командасы 34,5 ұпаймен үшінші орынды иеленді. Бірінші орында - Астана қаласы (38 ұпай), екінші орында - Қостанай облысы (37 ұпай). Жекелей сында 13 жасқа дейінгі қыздар арасында Самал Әбдуәли 9 ойыннан 8,5 ұпай жинап, жеңіс тұғырына көтерілді. Ал 9 жасқа дейінгі ұлдар арасында Сұлтан Аманжол 7 ұпаймен күміс жүлдені иеленді, деп хабарлады облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі. Айта кету керек, №1 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерві мектебінде тәлім алатын спортшыларды жарысқа облыстың аға жаттықтырушысы Риза Қошқарова дайындады.