НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Үндістанның Ченнай қаласында өтіп жатқан шахмат Олимпиадасында еліміздің ерлер құрамасы жетінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық шахматшылар Хорватияны 3:1 есебімен сүріндірді. Құрама сапынан Әлішер Сүлейменов және Арыстанбек Оразаев жеңіске жетсе, Ринат Жұмабаев пен Қазыбек Нөгербек тең нәтижеге қанағат білдірді.
Осылайша ел құрамасы Олимпиадада жеті мәрте жеңіске қол жеткізіп, үш мәрте қарсыластарына есе жіберді.
Ерлер құрамасы бұған дейін Ливан мен Латвияны 4:0, Қытай Тайбейін 3:1, Марокко, Чехия, Испанияны 2,5:1,5 есебімен жеңіп, Тәжікстан, Әзербайжанға 1,5:2,5, Сербияға 1:3 есебімен есе жіберген-ді.
Нәтижесінде Олимпиада рейтингінде 25-орыннан 20-орынға көтерілді. Алғашқы екі орында Өзбекстан және Армения құрамалары келеді.
Еске салсақ, бүгін еліміздің қыздар құрамасы Үндістаннан жеңіліп қалғанын жазған едік.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.