НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Үндістанның Ченнай қаласында өтіп жатқан Шахмат Олимпиадасында еліміздің ерлер және әйелдер құрамасы бесінші ойынын өткізді. Бұл жолы қазақстандық шахматшылар жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ерлер құрамасы Латвияны 4:0 есебімен сүріндірді. Еліміздің атынан сынға түскен Ринат Жұмабаев, Әлішер Сүлейменов, Арыстанбек Оразаев және Қазыбек Нөгербектің барлығы жеңіске жетті.
Олар бұған дейін Ливанды 4:0, Қытай Тайбейін 3:1, Марокконы 2,5:1,5 есебімен жеңіп, Тәжікстанға 1,5:2,5 есебімен есе жіберіп қойды.
Еліміздің қыздар құрамасы бесінші кездесуінде Кубадан 3:1 есебімен басым түсті. Құрама сапында Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева, Ксения Балабаева және Гүлісхан Нахбаева ойын көрсетті.
Олар бұған дейін Перу мен Бельгияны 3:1, Гватемаланы 4:0 жеңіп, Моңғолиямен 2:2 есебімен тең түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.