Шахмат шеберлерінің шайқасы басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионатының алғашқы туры басталды. ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев пен Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов чемпионаттың алғашқы жүрісін жасап, біріншілік ресми түрде жалғасты.
Төрт күн бойы 39 команданың құрамындағы 315 шахматшы үздіктердің үздігін анықтайды. Рапид бойынша командалық әлем чемпионаты тамыз айының 2-4 аралығында швейцариялық жүйе бойынша өтеді.
Блиц бойынша командалық әлем чемпионаты екі кезең бойынша 5 тамызда өтеді. Алғашқы кезеңде командалар айналмалы жүйе бойынша ойнап, үздік 16 команда екінші кезеңге жолдама алады. Сөйтіп, әр ойын сайын тек үздіктер іріктеліп, жүлдеге таласатын болады.
«Командалық әлем чемпионатының Астанада өтуі Қазақстан үшін үлкен мәртебе. Біріншілік өз жерімізде ұйымдастырылғандықтан қазақстандық командалар көп. Чемпионаттың ерекшелігі сол, команда сапында кем дегенде бір әйел және әуесқой ойыншы болуы тиіс. Бұл ретте, жергілікті шахматшыларға әлемнің үздік шахматшыларымен ойнау бақыты бұйырғалы тұр. Мұндай мүмкіндік бір-ақ рет берілуі де мүмкін ғой. Осылайша, елімізде шахмат спортының дамуы жаңа деңгейге көтеріледі деген сенім мол», - дейді Тимур Турлов.
Айта кетейік, турнирдің жалпы жүлде қоры 350 000 еуро. Оның €250 000 рапидке, €100 000 блицке бөлінген.