АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық Қазыбек Нөгербек 20 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы атанды.
Дүбірлі дода 2-13 маусым аралығында Үндістанның Гандинагар қаласында өтті.
Оған дүниежүзінен 123 қатысушы келді. Олардың қатарында 3 гроссмейстер және 28 халықаралық шебер бақ сынады.
Әлем чемпионатында екінші орын армениялық Эмин Оханянға бұйырса, үздік үштікті сербиялық Лука Будисавлевич түйіндеді.
Қазірге дейін мұндай жетістікке елімізден үш шахматшы қол жеткізді.
Атап айтқанда, Дәрмен Сәдуақасов — 1998, Динара Сәдуақасова — 2016, Жансая Әбдімәлік — 2017 жылы жеңіс тұғырынан көрінген.
Еске салсақ, бұдан бұрын Алматыда шахматтан 26-шы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өткен еді.
Турнирге Азияның 34 елінен 7-18 жас аралығындағы 650-ге жуық жас ойыншы жиналды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.