Шахматшы Динара Сәдуақасова әлемдік рейтингте 23-орынға көтерілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шахматтан әлемнің төрт дүркін чемпионы Динара Сәудақасова әлемдік рейтингте 23-ші орынға табан тіреді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Динара Сәудақасованың өзі хабардар етті.

«Шахматтан әлемнің ең мықты шахматшыларының тізімінде 23-ші орынға көтерілдім. Барлық жеңістерімнің ұйытқысы - халқымыздың қолдауы. Көптің жанкүйерлігімен бұдан да биік асуларды бағындырармын деген сенімдемін», - дейді шахматшы.

Аталған көрсеткіш Қазақстан мен Орталық Азия шахматшылары арасында ең жоғарғы рейтинг болып отыр.

Айта кетсек, Динара Сәдуақасова шахмат ойнауды бес жасында үйренген. Жарыстарға он жасында қатыса бастаған. Қазақстанның әйелдер арасында ең жас гроссмейстер атағын 2012 жылы 16 жасында жеңіп алған. Динара «Батыл бала», «Ақ ат», «Мемориал П.Измайлова» (Ресей), «Х. Омарованы еске алуға арналған сайыс» (Қазақстан), «Г.Агзамованы еске алуға арналған сайыс» (Өзбекстан), «Мемориал Л. Руденко-2009» халықаралық турнирлерінің бірнеше дүркін чемпионы.