Шахматтан әлем біріншілігіне арналған матч Қазақстанда өтуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат – Шахматтан әлем біріншілігіне арналған матч Қазақстанда өтуі мүмкін. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шахмат федерациясы FIDE-ге қазір екі жолдама жіберді. Оның бірі - әлем біріншілігіне арналған матчы ұйымдастыру, екіншісі – балалар арасындағы шахмат олимпиадасы. Әлем біріншілігін ұйымдастыру мәртебесін алу үшін біз Аргентинамен таласып жатырмыз. Егер 1-2 күнде шешім қабылданатын болса, осы жарысты сәуірде өткіземіз. Мұнда тек екі ойыншы ойнайды. Олар – қытайлық Дин Лижэнь және ресейлік Ян Непомнящий. Сонымен қатар, біз осы жарыстың аясында балаларға арналған үлкен халықаралық сайыс өткіземіз. Ал екінші жарыс – 16 жасқа дейінгі балалар арасында шахмат олимпиадасы қараша айында өтуі мүмкін. Бұл жарысты өткізу мәртебесі үшін Голандиямен таласып жатырмыз. Егер оны ұтып алатын болса, онда қараша айында Алматыда жалпы саны 300-ге жуық 30-40 мемлекеттен келетін командалық жарыс өткіземіз», - деп жоспарларымен бөлісті Гүлмира Дәулетова.

Бұған дейін ол Алматыда алғаш рет өткен блиц-шахматтан Әлем чемпионатын тамашалауға күн сайын 1 500-ден астам адам келгенін мәлімдеп еді.