Бұған дейін қазақстандық шахматшы қыздар жартылай финалға өткенін жазған болатынбыз. Бұл кезеңде ҚР құрамасы Франциямен ойнап, жеңіске жетті.
Ұлттық құрама сапында Бибісара Асаубаева, Ксения Балабаева, Әсел Серікбай, Меруерт Камалиденова, Алуа Нұрманова және Әмина Қайырбековалар бар. Ақтық сында олар АҚШ-ты жеңген Грузиямен кездеседі. Матч 11 қыркүйек күні сағат 18:00-де өтеді.
Шахматтан 2023 жылғы командалық әлем чемпионаты Польшаның Быдгощ қаласында өтіп жатыр. Онда 12 команда бақ сынауда. Турнир 2007 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бірақ Қазақстан бұған дейін ширек финалдан әрі асып көрген емес.