Шахматтан Қазақстан чемпионаты ел тарихында алғаш рет онлайн өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық шахмат федерациясы 24-26 наурыз аралығында 8, 10, 12, 14, 16 және 18 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында шахматтан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтетіндігін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан чемпионатына еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ден астам жас шахматшылар қатысатын жылдың ең басты оқиғасы саналады. Жарыс Lichess.org ойын алаңында өтеді. Ал қатысушылардың бақылау ZOOM платформасы арқылы жүзеге асады. Бақылау уақыты 15 минут 10 секунд (әр жүріс үшін, бірінші жүрістен бастап) уақыты беріледі. «Алаяқтықпен» күресу үшін (турнирге қатысушылардың компьютерлік бағдарламаларды немесе үшінші тарап кеңестерін қолдануы) турнирге античитерлік комиссиясы қатысады және Fair Play Panel античитерлік бағдарламасы қолданылады.

Онлайн чемпионат партияларының тікелей көрсетілімі Қазақстан шахмат федерациясының Youtube арнасында қолжетімді болады, жарыстың комментаторы – танымал халықаралық гроссмейстер Мұртас Қажығалиев.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Жеңімпаз-спортшылардың жаттықтырушыларына ақшалай сыйлық белгіленген. Жарыстың жалпы жүлде қоры 1,8 млн теңге.

«Қазақстан чемпионаты еліміздегі ең маңызды шахмат оқиғасы. Алдағы чемпионаттың барлық қатысушылары өз аймақтарында мұқият іріктеуден өтті. Әр санаттағы алтын медаль иегерлері онлайн Әлем чемпионатына қатысу құқығына ие болады», – деді Қазақстан Шахмат федерациясының президенті Бейбіт Атамқұлов.

Жарысты ұйымдастырушылар – Қазақстан Шахмат федерациясы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті.