Биылғы ел чемпионатында 10 ең мықты деген шахматшы қыз бақ сынады. Олар турнир шарты бойынша 9 турдан өтті. Турнирдің 7-ші кезеңінен кейін ақтық сында шымкенттік халықаралық әйелдер гроссмейстері Гүлісхан Нахбаева көш бастап, жеңіске жетті. Ол қажетті 9 ұпайдың 7,5-ін жинай алды. Тараздық Мәдина Дәулетаева Гүлісханнан жарты ұпай ғана қалып, ел чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Үшінші орынды былтырғы чемпион, халықаралық шебер Жансая Әбдімәлік жеңіп алды. Жансая турнирде 6,5 ұпай жинады.
«Ойын турнир соңына дейін тартысты болды. Ел чемпионатына бірінші рет 4 гроссмейстер қатысып отыр. Менің білуімше, бұл Қазақстандағы ең үздік чемпионат. Мен осымен 5-ші рет Қазақстан чемпионы атанып отырмын. Мен күйеуге шығып, қызды болдым, сондықтан, екі жыл чемпионатқа қатыспадым. Биыл қайта сапқа қосылдым. Соңғы турда мен чемпионаттың ең жас қатысушысы Әмина Қайырбековамен ойнап, тең ұпай жинадым. Бұл мені қатты қобалжытты. Бірақ, мен жеңдім. Жыл өткен сайын жеңіске жету қиындап барады. Чемпиондық титулды бірінші рет жеңіп алғаннан гөрі оны қорғап қалу өте қиын», - деді ел чемпионы Гүлісхан Нахбаева.
Әйелдер арасындағы чемпионат аяқтала салысымен ерлер арасындағы бәсеке де басталып кетті. Оның қорытындысы 21 сәуір күні белгілі болады. Биылғы ерлер чемпионатына Қазақстанның үздік шахматшылары қатысып отыр. Олар: Ринат Жұмабаев, Муртас Қажғалеев, былтырғы ел чемпионы Петр Костенко, Әнуар Исмағамбетов, Азамат Өтеғалиев, Кирилл Кудеринов және басқалар.
Айта кетейік, биылғы ел чемпионатының ақтық сынына алғаш рет халықаралық шебер Динара Садуақасова қатысып отыр.