«Шахтада қаза болған кеншілердің отбасыларына, жақындарына депутаттардың атынан қайғырып көңіл айтамыз. Бұл – үлкен трагедия. Мемлекет басшысы Үкіметке және Қарағанды облысының әкіміне апат себептерін анықтау және қайтыс болғандар мен зардап шеккен азаматтардың отбасыларына тиісті көмек көрсетуді тапсырды. Атап айтқанда, тиісті комиссия жұмысының нәтижесін күтеміз. Қажет болған жағдайда, тиісті заңдарға өзгерістер енгізуге дайынбыз», - деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.
Сенат төрағасы қазіргі кезде қоғам шахталарда апатқа жол бермес үшін тиісті шешімдер қабылдауды талап етіп отырғанын атап өтті.
«Осы орайда, еңбек қауіпсіздігі мәселесі ең басты тақырып ретінде шығып отыр. Бұл қайғылы оқиға не себепті болды? Енді онымен комиссия айналысады. Содан кейін біз мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерін, министрлік басшыларын тыңдаймыз. Бұл тұрғыда заңнаманы күшейтетін тұстарын қарастырамыз. Қажет болса, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жауапкершілікті күшейте түсеміз», - деді Сенат төрағасы.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін түнде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Ленин атындағы шахтасында апат болып, 5 кенші қаза тапты.
Қарағанды облысының әкімдігі қаза болғандардың тізімін жариялады.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ КД «Ленин атындағы» шахтасында болған апатқа байланысты Үкіметтік комиссия құрылды.
Фото: minval.az