«Шахтер» ФК бас бапкері: «Ертісті» әупірімдеп жүріп әзер жеңдік

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағандылық «Шахтер» Қазақстан кубогының жартылай финалына жолдама алды. Өз алаңында Керекудің «Ертісін» қабылдаған В.Кумыков шәкірттері қарсыластарынан басым түсті, деп хабарлайды 24.kz.

Жеңіс оңайға түскен жоқ. Алғашқы таймда есеп ашылмады. Екінші кезеңде қарғандылық ойыншылардың бірі жарақат алып, аз құрамда ойнауға тура келді. Ойынның 61-минутында Камолиддин Мурзоев есеп ашып, «Шахтер» командасын алға шығарды. Қорытынды есеп: 1:0. Виктор Кумыков, «Шахтер» ФК бас бапкері: «Ойын ойлағанымыздай болмады. Біздің жігіттерде оңай жеңеміз деген түсінік қалыптасқан, немқұрайды ойнады. Соның салдарынан әупірімдеп жүріп әзер жеңіске жеттік. Алдағы ойындарда біздің ойыншыларға осыны ескеру керек».