«Жыл басынан бері бізге мүгедектігі бар 63 адам жүгінді. Олардың 59-ын жұмысқа орналастырдық. Жұмыс берушілерді мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыруға қызықтыру үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс орындарын құруға арналған шығындарды субсидиялау бағдарламасын енгізді. Яғни, компания басшысы жұмыс кеңістігін ерекше қажеттіліктері бар адамдарға ыңғайлы етіп ұйымдастырады, ал мемлекет 300 АЕК-ке дейінгі шығындарды өтейді. Бұдан басқа, осы жылдан бастап жұмыс берушілерге мүгедектігі бар адамдардың жалақысын субсидиялау басталды. Жұмыс істеген бірінші жылы мемлекет 70%, екінші жылы – 65% және үшінші жылы – жалақы мөлшерінің 60% субсидиялайды», - дейді Шахтинск Мансап орталығының жетекшісі Рүстем Манапов.
Светлана Рябцева Шахтинск қаласында жұмыс берушісі арнайы жұмыс орнын жабдықтаған алғашқы қызметкерлердің бірі. Бір айдан астам уақыт бойы ол «Айзере» әмбебап тігін кәсіпорнының ұжымында жұмыс істейді.
«Мен 52 жастамын, тігіншімін. Есту проблемаларым бар. Бұрын біз Алматыда тұрдық, сол жерде менің кішкентай ательем болды. Бірнеше жыл бұрын отбасыммен Долинкаға көшіп келдік, бір жылдан астам уақыт жұмыс таба алмадым. Маған мансап орталығына жүгінуге кеңес берді, сол жерден маған жұмыс табылды. Цехта маған бәрі ұнайды, ұжым өте жақсы», – дейді Светлана.
Тігін цехы 2017 жылы ашылды. Оның негізін Шахтинск қаласының тұрғыны Қаламқас Сауханова қалаған. Бастапқыда кәсіпкер бес қызметкермен жұмыс істеді. Бүгінгі таңда оның 20-ға жуық жұмыскері бар. Олар полиция қызметкерлеріне, дәрігерлерге және басқа да мамандарға тапсырыс бойынша арнайы киім тігеді.
«Светлананы жұмысқа алуды маған Мансап орталығы ұсынды. Ол бізде осымен екінші ай жұмыс істеп жатыр, өзін жақсы маман ретінде көрсетті. Одан басқа, Мансап орталығының ұсынысы бойынша маған тағы төрт адам келді. Біреуі әлеуметтік жұмыс орнына, үшеуі «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналастырылды. Бұл жұмыскерлердің жалақысы маған субсидияланады. Бізде тұрақты өндіріс бар, тапсырыстар жеткілікті. Мен тағы 10 адамды қабылдауға дайынмын», – дейді Қаламқас Сауханова.
Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау үшін кәсіпкер екі инфрақызыл бөліктен және Брайль шрифті бар ақпараттық көрсеткіштен тұратын арнайы жарық шамшырағын сатып алды. Бұл ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлер үшін нұсқаулық ретінде қызмет етеді.
Мемлекет кәсіпкерге жарық шамдарын сатып алу шығындарын өтеді.