Оқиға бүгін таңертең «Шахтинск» шахтасында орын алды. 34 жастағы жұмысшы бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде тау массасының астында қалып қойған.
«6 тамызда «Шахтинск» шахтасында зәкірді бұрғылау кезінде кенжардың жоғарғы бөлігінен тау-кен массасының шоғыры опырылып, құлаған. Салдарынан үңгуші жарақат алды», - деп хабарлады «АрселорМиттал Теміртау» АҚ баспасөз қызметі.
УПР-1 учаскесінің қызметкерлері үңгушіге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, бірден оны шахтаның бетіне шығарған. Содан кейін реанимациялық-шокқа қарсы топ бригадасы зардап шеккен кеншіні Қарағанды қаласындағы Х. Мақажанов атындағы клиникаға жеткізді.
«Науқас төс сүйегінің сынуымен келіп түсті. Дәрігерлердің бақылауында, жағдайы тұрақты. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде», - деп хабарлады Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы.
Қазіргі уақытта іс тергелуде, деп толықтырды «АрселорМиттал Теміртау» АҚ.