Бұл туралы Шахтинск қаласының білім бөлімінің жетекшісі Николай Онсович Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановқа жұмыс сапары барысында мәлімдеді.
«Біздің қаламызда сегіз балабақша жұмыс істейді. Олардың әрқайсысында 1-3 жас аралығындағы бүлдіршіндерге арналған дамыту топтары бар. Сондай-ақ, жекеменшік «Капуста» сәбилер балабақшасы жұмыс істейді. Бір жастан үш жасқа дейінгі 300 бала кезекте тұр. Біз оны келесі жылы жабамыз. 320 орындық балабақша салуға дайын инвестор табылды», - деді ол.
Жаңа ғимарат қабырғалық панельдерден фин технологиясы бойынша салынады. Соның арқасында балабақша жарты жылда салынып бітуі тиіс. Мекеме мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін болады. Жергілікті бюджеттен әр балаға 26 000 теңге бөлінеді, ата-аналар болса айына 11 мың теңге төлейді. Мұндай әріптестік құру үшін барлық құжаттар дайындалып қойған.
«Біз МЖӘ бағдарламасы бойынша жұмыстың басталуын күтіп отырмыз. Әзірге ата-аналар үшін төлемақы қымбат - күніне 1300 теңге. Бірақ балалар кішкентай болғандықтан, олар бейімделу кезінде өте жиі ауырады. Сондықтан айына 30 000 теңгенің орнына біз бір баладан 13-15 мың теңге аламыз. Әзірге біздің сәбилер балабақшасы «минусқа» өтіп кетті деуге болады», - деді «Капуста» сәбилер балабақшасының директоры Елизавета Уманцева.
Шахтинск облыс бойынша 1-3 жас аралығындағы сәбилер үшін балабақша кезегі болмайтын алғашқы қала болады.
Еске сала кетейік, 2017 жылдан бастап мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасының арқасында балабақшаларға балаларды 1 жастан 6 жасқа дейін беруге болатын ереже рәсімделді. Бұл бағдарлама бойынша жергілікті атқарушы органдар мектепке дейінгі мекемелерде айына бір балаға 26 000 теңгені құрайтын мемлекеттік тапсырыс орналастырады. Ал, ата-аналар айына тек 11 000 теңге төлейді.
08:25, 02 Қараша 2018
Шахтинскіде фин технологиясы бойынша жаңа балабақша салынады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шахтинскіде балабақшаға кезекті толығымен жою жоспарланып отыр. Ол үшін келесі жылы мұнда 320 орынға шақталған фин технологиясы бойынша балабақша салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қарағанды әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.