2026 жылғы 19 мамыр күні сағат 20:27 шамасында Шахтинск қаласындағы Молодежная көшесінде орналасқан гаражда өрт шыққан. Өрт салдарынан шатырдың ағаш құрылымдары, пайдаланылған тұрмыстық заттар, сондай-ақ екі мотоциклдің жанғыш бөлшектері толықтай дерлік отқа оранған. Өрттің жалпы аумағы шамамен 20 шаршы метрді құрады.
Өртті сөндіру барысында құтқарушылар 2008 жылы туған жасөспірімнің күйіп қалған денесін тапты. Сондай-ақ 2008 және 2009 жылы туған тағы екі жасөспірім әртүрлі деңгейдегі күйік жарақаттарымен жедел жәрдем бригадасы арқылы медициналық мекемеге жеткізілді.
Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан алдын ала мәліметке сәйкес, өрт жанармай құю кезінде болған. Жеңіл тұтанатын сұйықтық буларының ашық от көзінен тұтануы салдарынан жалын лезде тарап, гараж ішін толық шарпыған.
Аталған дерек бойынша Төтенше жағдайлар департаменті қылмыстық іс тіркеп, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Бұған дейін Астанада бес қабатты үйден өрт шығып, 36 адам эвакуацияланғаны жайлы хабарлаған болатынбыз.