Шәкәрім Құдайбердіұлының заттары музейге табысталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі «Абыздан жеткен асыл сый» акциясы басталуына орай баспасөз конференциясын өткізді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Баспасөз конференциясында Ернұр Әзімбаев шаңырағында сақталған ақын, философ, тарихшы Шәкәрім Құдайбердіұлының өзі тұтынған және өз қолымен жасаған баға жетпес бұйымдарын көпшілік алдында салтанатты түрде музейге тарту етті. Атап айтқанда: сойыл, ағаштан оймышталып жасалған саптыаяқ. Сонымен қатар шақша, фотосуреттер, кітаптар, Шәкәрім қажының жасаған ою-өрнек үлгісінің көшірмелері, сырмақ сыйға тартылды. Музейге сыйға берілген бұл жәдігерлер баға жетпес құндылығымен ерекшеленеді. Ш.Құдайбердіұлы жазықсыз жазаға ұшырағаннан кейін, жеке сақталған заттары осы күнге дейін табылмай келіп еді. Саятқорада жалғыз тұрып, шығармашылықпен айналысқан ақынның аңшылықпен, саяткершілікпен айналысқаны белгілі. Сыйға тартқан осы шоқпарды талай рет аңшылықта ұстағаны сөзсіз. Сонымен бірге, Ернұр Әзімбаев құнды жәдігерлердің бүгінгі таңда ешбір музейде жоқтығын атап өтті.

«Мен, Әзімбаев Ернұр Мұсабайұлы, Тобықты Ырғызбай, Өскенбайдың Мырзатай деген ағасынан тараймыз. Мырзатайдан Жұман, оның 9 ұлының біреуі Әзімбай. Жұман атамыз «Абай жолына» кірген адам. Шәкәрім атылғанда немере ағайыны Әзімбаев Қыдыр, Әзімбаев Шыңғыс ақынның көп дүниелерін алып қалады. Бала кезімде Шәкәрім төсегінде жатып жүрдім. Мен кішкентай кезімде 10 жасқа дейін мына үлкен әкемнің баласы болдым, Шәкәрім төсегі деп Қыдыр атаммен бірге жатып жүрдім. Шоқпарды үлкен атамыз Қыдыр өмір бойы ұстап отыратыны көз алдымда. «Ой жарықтық Шәкәрім» деп айтып отыратын. Ол кезде бәрі Шәкәрім атын айтуға қорқатын, бірақ біздің үйде қорықпай айта беретінбіз»,- деді Е.Мұсабайұлы.

Жәдігерлердің музей қорына табысталуы - еліміздің бай тарихы үшін, абайтану, шәкәрімтану, музейтану үшін елеулі жаңалық.

Бас қосуға Семей қаласынан көрме ұйымдастыру үшін арнайы келген Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының жетекші ғылыми қызметкері М.Мұхамедова қазіргі таңда Шәкәрімнің жеке заттарының Абай мұражайында да жоқ екендігін айта келіп, бұл жәдігерлердің аса құндылығына тоқталды. Семей қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Көпбаев Берік Көпбайұлы баға жетпес жәдігерлерді сақтап жеткізген Е.Әзімбаевқа ризашылығын білдірді. Баспасөз конференциясына қаламыздың БАҚ өкілдері және мұражай қызметкерлері қатысты.

«Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының директоры Ж.Әубәкір аталған іс-шараның маңыздылығына тоқтала кетіп, Ернұр ағамызға алғысын білдірді.

Осылайша, ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келген жәдігерлер енді музей төрінен орын алды. Болашақта «Абыздан жеткен асыл сый» акциясы өз жалғасын табады.