Шәкәрімнің ешқайда жарияланбаған суреті қалай табылды – семейлік архившімен сұхбат

Фото: Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Елінің ертеңіне елеңдеп, халқының қамын қара басынан артық қойған алашордалықтарға қатысты табылған кез келген құжат пен фото аса маңызды, айрықша құнды. Семейдегі архивте жұмыс істейтін Лаура Қадырова бұл тұрғыда қара жаяу емес. Тарихтың қатпар-қатпар беттерін парақтап, Шәкәрімнің үшінші суретін, Әлихан Бөкейханның өз қолымен жазған өтінішін тапқан. Осы ретте, Kazinform тілшісі архившіні әңгімеге тартып көрген болатын.

- Әңгімемізді осы архив саласына қалай келгеніңізден бастасақ?

- Бұрынғы Семей облысы Абай ауданы Саржал ауылында 1974 жылы тудым. Сол ауылдағы мектепті еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылы бітірдім. Одан кейін Шәкәрім атындағы Семей педагогикалық институтына оқуға түстім. Таңдаған мамандығым – «педагогика және психология». 1995 жылы қолыма диплом алғаннан кейін аталған білім ордасына оқытушы болып жұмысқа орналастым. 2007 жылға дейін сонда еңбек еткен соң Шығыс Қазақстан облыстық Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығына ауыстым. Міне, сол уақыттан бері архив саласында жүрмін.

- Абай облысының мемлекеттік архивінде жұмыс істеп келе жатқаныңызға қанша уақыт болды? Жұмыстағы міндеттеріңіз қандай?

- ШҚО Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы ол қазіргі Абай облысының мемлекеттік архиві. Семей облысы Шығыс Қазақстанның құрамына қосылған кезде заң бойынша бір өңірде екі мемлекеттік архив болмауы тиістігі айтылған. Сөйтіп, Семейдегі архив осындай ерекше атауы бар орталыққа айналды. Ерекше деп отырғаным, Қазақстанда бұлай аталатын басқа орталық мүлде болмаған. Әуелде сонда оқу залының меңгерушісі болдым. 2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ғылыми анықтамалық аппарат және құжаттарды пайдалану бөлімінің басшысы ретінде қызмет етіп келемін. Архив саласындағы еңбек өтілім осы жылдың ақпан айында 17 жылға толады.

Жұмыстағы міндетіме келер болсақ, архив қорындағы құжаттарды пайдалану, сақтау, сол құжаттар негізінде жинақтар шығару, көрмелер өткізу, халықаралық, республикалық конференцияларға баяндамалар дайындау. Оқушыларға, студенттерге, өлкетанушыларға, жалпы қызығушылық танытқан кез келген адамға қажетті тарихи материалдарды тауып береміз. Жыл сайын бір құжаттар жинағын шығарамыз. Мысалы, күні кеше ғана Шығыс Қазақстандағы денсаулық ісінің дамуы деп аталатын жинақ жарық көрді. Оған дейін салалық жинақтардан бөлек, Алашорда Үкіметінің құрылғанына байланысты «Восточная Алашорда» жинағы, «Алаштың алыптары» фотоальбомы шығарылған. Сол фотоальбомды құрастырған екі автордың бірімін.

- Архивте жұмыс істеудің артықшылықтары мен қиындықтары қандай?

- Архивке жұмысқа келген адамның өне бойында елінің тарихына деген қызығушылығы болу керек деп ойлаймын. Себебі қызықпайтын адам 3 айға толмай басқа жұмысқа ауысып кететіндігін көріп жүрміз. Біздегі әр бөлімнің міндеті әртүрлі. Бірі құжаттарды сақтап, қоймадағы температураны өлшесе, екіншісі құжаттарды ретке келтіріп орналастырады, басқасы әрбір әкелінген құжатты беттеп, түптеумен айналысса, енді бірі құжаттар тізімін нөмірлейді дегендей жұмыстары сан алуан.

Осыған дейін «шаң басқан архивтер» деген тіркесті талай рет естіген шығарсыз. Бірақ бұл шындыққа сәйкес келмейді, себебі айына бір рет барлық құжаттың әр беті шаңнан тазартылып отырады.

Енді кез келген мамандықтың қиындықтары да болады ғой. Бізде жалақы мәселесі өзекті. Оқуды жаңа бітірген жас мамандар мынадай еңбекақыға келгісі келмейді. «Архив 2025» бағдарламасы аясында жыл сайын жалақы артып келе жатқаны рас. Бірақ ол мардымсыз. Сондықтан архивте тек тарихты жақсы көретін, өз ісін сүйетіндер ғана ұзақ жұмыс істейді десем артық айтқандық емес.

- Шәкәрімнің үшінші суретін, Әлихан Бөкейханның өз қолымен жазған өтінішін тауыпсыз. Сол жайлы кеңірек айтып берсеңіз.

- Осында оқу залының меңгерушісі болып жүрген кезім. 2009 жыл. Бізге зерттеушілер өте көп келетін. Бірде су туралы тақырыпты зерттеп жүрген адам бас сұқты. Оған сұраған құжаттарын әкеліп бергеннен кейін жұмыс тәртібіне сәйкес «егер алдыңыздағы құжаттардың бір беті жыртылған болса, мыжырайып қалса немесе өзіңізге қажеті жоқ құжаттарға тапсырыс беріп қойсаңыз, өзіме қайтарып беріңіз» деп ескерттім. Біраздан соң ол кісі мені шақырып «мына құжаттар маған керек емес, тапсыра берсеңіз болады» деді. Көбінесе осылай қайтқан құжаттарды журналға белгілеп, сақтау қоймасына өткізіп тастайтынмын. Бірақ сол сәтте ішкі түйсігім бір белгі бергендей болды. Құжаттарды үстелге қойып, бір-бірлеп ашып, әр бетін парақтай бастадым. XIX ғасырдың басындағы құжаттар екен. Сөйтіп, отырғанда Семей мелиорациялық экспедициясы есебінің ішінде көп фото жүрді. Ал фото деген архив үшін өте құнды дүние.

Фото: Kazinform


Қасымда ешкім жоқ болса да «Мәссаған, мынаны қара» деп қоямын. Сол фотолардың арасынан Шәкәрім Құдайбердіұлының ешқайда жарияланбаған фотосуреті шықты! Бірден таныдым.

Астында былай деп жазылған: «[Фо]т. № 37. Хребет Чингиз. Верховья речек. На переднем плане каз. поэт и писатель Шакерим Кудайбердин». Осыған дейін қажылыққа барған және бүркіт ұстап түскен 2 фотосы бар болатын. Бұл қазақтың классик ақынының 3-ші фотосуреті. Фотоны алып директорға жүгірдім. Ол балаша қуанып «мынау деген сенсациялық жаңалық қой!» деді. Содан кейін күллі Қазақстанға жария етіп, тілшілерге сұхбат бердік.

Ал енді Әлихан бабамыздың өз қолымен жазған өтініші қалай табылғанын айтып берейін. Алашорда Семейде құрылғандықтан біздің архивте олар туралы дерек болмауы мүмкін емес. Қазақстан егемен ел болғаннан кейін осы тақырып кеңінен зерттеліп, біраз құжат жарыққа шыққан-тұғын. Әлихан атамыз қатынас хаттарының соңына кейде Әлихан деп, кейде Ә.Бөкейхан (А.Букейхан) деп қол қойған. Бірақ үстіндегі мәтінді өз қолымен жазбаған. 2020 жылы Президент саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия құрған болатын. Соның мүшесі ретінде жұмыс істеп, ақталмаған Алаш қайраткерлеріне қатысты зерттеу жүргіздім. Былтыр мамыр айында архив қорларын ақтарып отырғанымда қолыма 1 бет қағаз түсті. Сөйтсем, Әлихан Бөкейханның бастан-аяқ өз қолымен жазған өтініші екен. Онда Семей басқарушысынан Омбы қаласындағы экономикалық жиынға іссапарға баруға рұқсат сұрапты. Басқадан ерекшелігі – бұл хатты Алаш орданың көсемі таза өз қолымен жазғаны.

Фото: Kazinform

- Былтыр Қайым Мұхамедхановтың әкесі, Алаш меценаты Мұхамедхан Сейітқұлға қатысты құжат табылыпты.

- Семей прокуратурасында аса құпия құжаттар бар. Олар кейін құпиясыздандырылып, бізге солармен танысу үшін рұқсат берілді. Сонда 1937 жылы қаншама адамның жазықсыз атылып кеткенін көргенде ет жүрегіміз елжіреді. Үйлерінен алып кетіп, әй-шәйға қарамай атып тастаған.

Ал әке-шешелері баласын, іні-қарындастары ағасын іздеп прокуратураға хат жазған. «Олар ешқандай да бандит емес қой! Қайда алып кетті? Көргіміз, сөйлескіміз келеді. Қайтарыңыздар!» деп жанайқайларын төккен. Осындай хаттардың ішінен Сейітқұлова Мақыпжанның хатын ұшыраттым. Ол хат латынша жазылыпты. Мен латын қарпін оқи білетіндіктін үңіле түстім. Хатта күйеуі Сейітқұл Мұхамедханды НКВД-ның адамы жазықсыз алып кеткенін айтып, оның қайда екендігін сұраған. Өз қолымен жазыпты. Сол хатты 2023 жылдың мамыр айында жарияланған құжаттар жинағына қостық.

- Сіз тапқан бұдан басқа тағы да маңызды құжаттар, фотосуреттер бар ма?

- 2017 жылы Алаш партиясына мүше болған 9 адамның тізімін таптым. Оған дейін көпшілік партияда кімдер болғанын нақты біле алмай жүрген. Осыдан кейін барлығы белгілі болды.
Бұдан бөлек, Алаш қозғалысының мүшесі, көрнекті педагог Әбікей Сәтбаевтың шын есімін анықтадым. Ол – Абу Хурайра екен. Архивте жұмыс істегендіктен үнемі ізденісте жүреміз ғой. Алда әлі де жағымды жаңалықтар болады деген үміттеміз. Бірақ маңызды құжат пен фотоны табу пішеннен ине іздегендей. Сол үшін асқан төзімділік пен қайтпас табандылық қажет.

- Әңгімеңізге көп рахмет!