Шәкеевті іздеу тобы экстрасенстердің нұсқаған жерлерін тексеріп шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда танымал композитор Еркеш Шәкеевтің із-түссіз жоғалып кеткен 25 жастағы ұлын іздеу шаралары алтыншы тәулікке созылды, алайда Сафар Шәкеев әзірге табылған жоқ. Бұл туралы Шәкеевтар отбасының досы Виктория Момынбаева мәлім етті.

«Сафар Шәкеев жоғалғалы бері алты тәулік бойы полицияның, достарының және еріктілердің күшімен іздестірудің барлық шаралары атқарылды: мыңдаған адамдар мен куәгерлер сұралды, бейнебақылау камералары мен дрондармен әуеден түсірген видеолар қаралды, іздестіру хабарламалары қаланың барлық аудандарында, вокзалдар мен қоғамдық көліктерге жапсырылды, барлық телефон қоңыраулары бойынша жұмыстар атқарылды.  Ремизовка ауданы және оның маңайына толық шолу жасалды, барлық бос алаңқайлар мен құдықтар, шөп өсіп кеткен жерлер мен өзендер тексерілді», - деп атап өтті еріктілердің штаб жетекшілерінің бірі В.Момынова.

«Сонымен қатар біз экстрасенс қабілеті бар адамдардың нұсқаған барлық жерлерін жіті қарап шықтық. Бүгінгі күнге бізде жаңа нұсқалар жоқ, және біз әлі күнге дейін бар білетініміз - Сафарды 16 шілде күні таңғы 07:30-да Весновка-әл-Фараби қиылысында түсіп қалғаны ғана», - деп қынжылады ол.

Сонымен бірге ол штабтың орны ауысқандығын да хабарлай кетті.

«Құрметті еріктілер! Штаб Зенков көшесі қиылысындағы Гоголь, 39 көшесіне, биік ғимараттың 4-ші қабатына ауысты. Кезекші штабтың тәулік бойы істейтін телефондары: ұялы байланыс - 8707928649, қалалық - 259 01 14», - деп жазды В.Момынбаева.

«Іздеуге шын ниетімен көмектесіп, бізбен бірге іздестіру жұмыстарына белсенді атсалысқан адамдарға алғысымызды білдіреміз! Газет, радио мен телеарналар арқылы халыққа хабарландыруда қол ұшын берген БАҚ өкілдеріне ризашылығымыз шексіз. «Сафардың ұялы телефоны табылыпты» деген ақпараттың жалған екендігін де хабарлағымыз келеді. Еріктілерге, іздестіруге қатысып жатқан азаматтарға су, жаңбырдан қорғайтын киім мен жарық құрылғыларын әкеліп берген адамдарға да алғыс айтамыз», - деп түйді сөзін ол.