Шәкір Әбеновтің Елбасыға кигізген шапаны Алматыға жеткізілді

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы ұйымдастырған көшпелі көрме Алматыдағы жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Көрмеге қойылған экспозициялар жас мемлекетіміздің құрылуы мен Тұңғыш Президенттің еңбек жолынан сыр шертеді. Көрме қонақтары үшін залда Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қорынан алынған 800 ерекше экспонат пен архив құжаттары, фотолар мен шет мемлекеттер табыс еткен наградалар қойылған.

 

«Бұл жерде баға жетпес құнды архив құжаттары қойылған. Елбасының жас кезі мен 30 жастағы хроникаларын көруге болады. Елбасының белсенді комсомол кезінен көшбасшыға айналғанға дейінгі өмір жолымен танысуға болады», - деді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы директорының орынбасары Күлайша Ақтаева.

 

Көрмедегі құнды экспонаттардың бірі - Бөлек батырдың дулығасы. Отбасылық құнды жәдігер 2004 жылы Тұңғыш Президент мұражайына табыс етілген.

 

Көрмеге 1991 жылы алғашқы инаугурация кезінде ел ақсақалы Шәкір Әбенов Елбасына батасын беріп, иығына жапқан шапан қойылған.

 

Елбасыға табыс етілген халықаралық наградалар да көрме төрінен орын алған.

 

Көрменің ашылуында сөз сөйлеген Алматы әкімі Бауыржан Байбек Елбасы басшылығымен қолға алынған ауқымды шаралардың маңыздылығына тоқталды.

              

«Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен бүгінгі жетістігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Мемлекет басшысының жетекшілігімен жүзеге асып жатқан ауқымды саяси, экономикалық және рухани жаңғыру бағдарламасы Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына қосады», - деді Алматы әкім Бауыржан Байбек.

   

Көрме Алматыда екі айға жалғасады. Кейін көшпелі көрме Қарағанды мен Шымкент қаласына жол тартады.  

Соңғы жаңалықтар