Шакира ауруханаға түсті: Перудегі концерт кейінге қалдырылды

Фото: Фото: people.com

АСТАНА. KAZINFORM – Әнші ауруханада жатыр, ол асқазанындағы ақауға байланысты жедел жәрдемге жүгінген, деп хабарлайды NBC News.

Шакира денсаулығы туралы ешқандай мәлімет бермеген. Дәрігерлердің айтуынша, оның «жағдайы айтарлықтай жақсы емес».

– Бүгін сахнаға шыға алмайтыныма қатты қынжылып тұрмын. Мен Перудегі жанкүйерлеріммен қайта қауышуды асыға күттім. Ертең денсаулығым қалпына келуінен және өнер көрсете алудан үміттімін, – деп жазды Шакира.

Оның командасы жанкүйерлерге арналған жаңа концерт күнін қайта жоспарлау үстінде жұмыс істеп жатыр.

Шакира аптаның соңында Колумбияға барар алдында жексенбі мен дүйсенбіге қараған түні Лиманың ұлттық стадионында «Las Mujeres Ya No Lloran» (Әйелдер енді жыламайды) әлемдік турнесінің бір бөлігі ретінде өнер көрсетуі керек еді.

Шакираға өнер көрсетуге қашан рұқсат берілетіні әзірге белгісіз.

Айта кетейік, 2023 жыл соңында Колумбияда Шакираға 6 метрлік ескерткіш орнатылды.