Шала туған балалар қандай ауруларға бейім болады – неонатолог жауабы
Жыл сайын әлемде 15 миллион нәресте шала туады. Олардың ішінде бір миллиондай сәби дүние есігін ашқаннан кейін физикалық және неврологиялық мүгедектігіне байланысты шетінеп кетеді. Бұл туралы Kazinform тілшісіне Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Неонатология және жаңа туған нәрестелердің хирургия бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер неонатолог Айжан Байғұттиева айтты.
– Айжан Әзімбайқызы, мерзімінен бұрын босануға не түрткі болады?
– Себептердің бірі сыртқы факторларға, жүкті әйелдің жұмысына қатысты болады. Жүкті әйелге ұзақ уақыт тік тұру, керісінше бір қалыпта ұзақ отыру зиян. Болашақ ананың жасы мен денсаулық жағдайы, дұрыс тамақтанбауы да мерзімінен бұрын босану қаупін күшейтеді. Ерте босанудың әртүрлі себебі бар: әйелдің тым жас болуы және сәйкесінше ананың организмі, патологиялық (әдеттен тыс) жүктілік, бұрын түсік тастаған болуы, аурулар, физикалық және психикалық жарақаттар, соның ішінде никотинмен және алкогольмен улану.
– Шала туған нәресте мен мезгілінде туған баланың айырмашылығы көп пе?
– Әлбетте, оның сырт көрінісінің өзі басқаша болады: бас сүйегі үлкен, аяқтары қысқа, терісі құрғақ және әжім секілді қатпарланып тұрады, терісінің түсі қып-қызыл, қызылшақа, сүйектері өте нәзік болғандықтан, сынуға бейім. Құлақ шеміршегінің толық өсіп-жетілмеуінен құлақтары кішірек, бас сүйекке жабысып бітеді. Шала баланың сыртқы жыныс мүшелері де әлі өсіп-жетілмеуі мүмкін. Барлық дене мүшелері мен жүйелерінің де өзіндік айырмашылықтары бар. Орталық жүйке жүйесінің әлі жетілмегендігі баланың мінез-құлқына әсер етеді. Қол-аяғының қозғалыстары ерекше, кейде қол-аяғы тырысып қалған сияқты болып керінуі де мүмкін.
Бала отыз тоғызыншы аптадан бұрын туса, салмағы 1 000 грамнан 2 500 грамға дейін, бойының ұзындығы 35 см-ден 45 см-ге дейін болса, нәресте шала туған немесе мезгілінен бұрын туған деп саналады. Қазіргі кезде баланың салмағы 900-500 грамм болып туса, оның өмірін сақтап қалуға болады.
– Шала туған балада қандай аурулар болуы мүмкін?
– Көптеген шала туған нәресте дүниеге келген кезінде жүрек-қан тамырлары, ас қорыту, тыныс алу және жүйке секілді кейбір мүшелері мен жүйелері толық қалыптаспауы мүмкін. Ас қорыту жүйесінің шала жетілуіне байланысты диспепсия, колит, дисбиоз секілді асқазан-ішек аурулары кездесуі мүмкін. Нәрестенің ішек бұлшықеттері әлі де нашар машықтанғандықтан, тамақты жылжыту процесі баяу жүреді. Осының салдарынан шала туған нәрестелер көбінесе сүтті қорыту кезінде пайда болған газдардың жиналуынан қиналып, іш кебу, іш қату жиі кездеседі.
– Неонатология және жаңа туған нәрестелердің хирургия бөлімі туралы айтып беріңізші...
– Неонатология және нәрестелер хирургиясы бөлімі 1959 жылдан бастап ана мен бала принципі бойынша жұмыс істейді, дене салмағы өте және экстремалды төмен балаларды күту мен емдеуде үлкен тәжірибесі бар. 2003 жылдан бастап неонатология және нәрестелер хирургиясы бөлімі Алматы қаласы мен республиканың әр түрлі аймақтарынан туа біткен даму кемістіктері мен хирургиялық патологиясы бар жаңа туған нәрестелерге шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Жаңа туған нәрестелердің осы контингентіне өңеш атрезиясы, диафрагмальды жарықтар, ішек бітелісі, аноректальды даму ақаулары, гастрошизис, омфалоцеле, сегізкөз-құйымшақ аймағы тератомалары және басқа да туа біткен даму ақауларға күрделі реконструктивті-пластикалық операциялар жүргізіледі.
– Балалар арасында қандай ауру жиі кездеседі?
– Балалардың шабы жарығы – ішкі ағзалардың бұлтиып шығуы. Бұл симптомдар балалар хирургиясында жиі кездесетін және консервативті емделуге жатпайтын ауру. Көбінесе, шала туған нәрестелерде болады. Ер балаларда аталған ауру жарық қабының, ішпердесі өсіндісінің дұрыс дамымауына байланысты пайда болуы мүмкін. Шабы жарығының формасы ұл балаларда әртүрлі болады: сопақ, дөңгелек. Ал, қыз балаларда көбінесе дөңгелек пішінде кездеседі. Көлемі ұлғайған кезде, шабы аймағынан жыныс ерні аймағына ауыса бастайды. Негізінен бұл құбылыстар, балаға қандай да бір ауырсынулар туғызбауы мүмкін. Тек бала қатты күшенгенде, жылағанда, жөтелгенде бұлтиып көріне бастайды. Медицина саласында шабы жарығымен тек қана ер балалар қиналады.
– Бұл аурудың емі қандай?
– Шабы жарығынан бөлек, кіндік жарығы да болады. Кіндігі жарығы 3 жасқа дейін өздігінен жазылып кетуі мүмкін. Ал, шабы жарығының қысылып қалуы мүмкін. Бұл жағдайлар бала өміріне қауіпті. Сондықтан жедел операция жасауды қажет етеді. Медицина саласында шабы жарығының отасы 30 минуттқа созылады. Бұл балалардың жасына қарамай жасалатын ота. Реабилитациялық кезеңі операциядан кейін 2-3 күн, тігілген жібімен үйіне шығарылады. Жібі 7-10 күннен кейін алынады. Ал, операциядан кейінгі тыртығы, уақыт өте келе кішірейіп, қалпына келеді.
– Шала туған нәрестелердің күтіміне тоқталып өтсеңіз...
– Шала туған баланың күтімі бірінші перзентханада, содан кейін арнайы шала туған балалар бөлімінде жасалады. Мұндай нәресте орталық жүйке жүйесінің және тері қабатының температураcын реттеу қызметінің жетілмей туу себебінен дене температурасын қалпында ұстай алмайды. Салқын жерде тез тоңып, ыстық жерде дене қызуы көтеріліп кетеді. Сондықтан шала туғандарға шалалықтың дәрежесіне сәйкес әртүрлі температуралық режимді сақтау керек. Үй жағдайындағы күтім кезінде бөлмедегі ауа температурасы 22-25 градус болғаны абзал және әр 3 сағат сайын бөлмені 15-20 минут желдету қажет.
– Әңгімеңізге рахмет!