Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне қарағанда (2012 жылғы дерек бойынша), бүкіл әлемде жылына 15 миллион сәби айы-күні толмай дүниеге келеді. Олардың 1,1 миллионы туа сала шетінеп кетеді.
Ал Қазақстанда 2010 жылы 30 мың 400 нәресте уақытына жетпей туған, оның 2 мың 200-і көз жұмған. Қазақстан статистика агенттігінің дерегінде 2012 жылдың қаңтарында бір жасқа дейінгі 504 бала шетінегені айтылған.
Елімізде 2009 жылы бір жасқа дейінгі салмағы аз балалардың саны 3,8 пайыз болса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 17,6 пайызды құраған. Яғни шала туған нәрестелер саны артқан.
Шала балалар неліктен дүниеге келеді? Әрине, оның себептері көп. Дегенмен, мерзімінен бұрын босануға түрткі болатын ең негізгі деген себептерді атап көрсетуге болады. Дәрігерлердің айтуынша, ең негізгілерінің бірі сыртқы факторларға, әсіресе, болашақ ана жұмысының химиялық, зиянды өндіріске қатыстылығына байланысты орын алады. Ұзақ уақыт тігінен-тік тұру, ұзақ жүріс немесе бір қалыпта отыру өте зиянды. Әйелдің ішкі жағдайы да, оның өз жүктілігіне көзқарасы шектен тыс үрейлену, стресс, толқу, баланың тууын қаламау немесе күйеуінің болмауы тәуекелді еселендіре түседі. Сондай-ақ жүктілік кезінде темекі шегу мен алкоголь қолдану, тіпті, ол күшті емес ішімдіктер болғанның өзінде дәл сондай зиянды зардаптарға соқтырады.
Болашақ ананың жасы мен денсаулық жағдайы, дұрыс тамақтанбауы да мерзімінен бұрын босану қаупін күшейтеді. Егер ол тым жас (15-18 жаста) немесе керісінше 35-40 жастан асқан болса, гормональды теңсіздік салдарынан мерзімінен бұрын туу тәуекелі арта түседі екен.
Әрине, шала туған балалардың күтіміне байланысты қазіргі кезде түрлі әдіс-тәсілдер баршылық. Мерзімінен бұрын дүниеге келген сәби кювездер мен термо кереуеттерге жатқызылады да сол жерде күні толғанға шейін жатады.
Шала туған баланың күтімін өткізуге байланысты кейбір елдерде (Германия, Нидерланды, Швеция, Ұлыбритания) «кенгуру» әдісін қолданады. Бірінші рет осы әдіс Боготада (Колумбия) қолданылған. Оны 1979 жылы қыркүйек айында дәрігер Эдгар Рей Санабриа мен Гектор Мартинец Гомез ұсынған. Төрт жыл өткен соң 1983 жылы ЮНИСЕФ осы әдісті ұсынса, 1986 жылдан бастап «кенгуру-терапия» Еуропа, АҚШ елдеріне тарай бастады. Ал 2003 жылы бұл әдісті ДДСҰ да қолдайды.
«Кенгуру-терапия» кезінде анасы жөргектенген баланы тік жағдайда өз киімі астында кеуде аралығында немесе бір сүт безінің үстінде ұстайды. Осыған байланысты сүт көлемі көбейе бастайды және анасымен нәрестенің тығыз қарым-қатынасына байланысты бала дене қызуы бір қалыпты температуралық тәртіпте сақталады екен.
Қазақ халқы бұл проблеманы ерте заманнан-ақ шешкен екен. Бала денсаулығы мен тәрбиесіне терең мән берген халқымыздың ғасырлар бойы келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының мәні зор.
Сондай салттың бірі - осы шала туған баланың күтімімен байланысты «Баланы тымаққа салу» дәстүрі. Қазақ халқында шала туған сәбиді осылай өсіретін ғұрып бар. Оның себебі шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы, әрі бөлеуге ыңғайлы болады. Және сәбидің неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына ілініп қойылатындықтан күн кереге басы арқылы есептелінеді.
Мысалы, қырық күн кем болса керегенің қырқыншы басынан кейін бала тымақтан алынып, әдетте жаңа туған баланың рәсімі жасала бастайды. Айталық, ат қою, бесікке салу, т.б. Ал егер бала қыста туса, онда үй қабырғасына бірнеше шеге қағылып ілінеді екен. Тымақ - табиғи аң терісінен жасалатын бас киімдердің бірі. Тымақ жылы әрі жұмсақ болғандықтан оның ішінде жатқан нәресте өзін ана құрсағында жатқандай сезінеді.
Әлжуаз баланы баптауда ата-бабалар амал-әрекетін қазіргі медицина да мойындады. Былтыр ғана осы көне «Тымаққа салу» әдісін Қызылорда облысының перинаталды орталығы қолдана бастағанын хабарлаған болатынбыз. Қызылордалықтар бұл салтты біршама өзгерткен. Жаңаланған нұсқаның авторлары - «28 ілмек» клубы. Қайырымдылық ұйымы шала туылған нәрестелерге қажетті тоқыма бұйымдарын әзірлейді. Тоқыма киімдердің шала туған балалардың өсіп-жетілуіне пайдасы зор екенін ақ халаттылар медициналық тұрғыда дәлелденгенін айтады.
Иә, медицина ғалымдарын осындай дәстүрімен мойындатқан қазақ халқының данышпандығына еріксіз таңғаласың. Жер-жерлерде заманауи технологиямен қатар ата дәстүрді де жаңғырту арқылы сәбилеріміздің жетілуіне жағдай жасалып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.