Шалғай ауылдарда тұратын 1,8 млн халық білікті дәрігерлердің көмегіне жүгінді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2542 шалғай ауылдың 1,8 млн тұрғыны жылжымалы медициналық кешен қызметтерімен қамтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Президент тапсырмаларын орындау шеңберінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі шалғай ауылдарда тұратын халыққа медициналық қызметтерді ұсыну және қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Негізгі элементтердің бірі - көлік медицинасын енгізу және дамыту. Қазіргі таңда жылжымалы медициналық кешен саны - 149.

2021 жылы ЖМК медициналық қызметтерімен 2542 шалғай ауылдың 1,8 млн тұрғыны қамтылды, оның ішінде 413 853 бала, 2020 жылмен салыстырғанда қамту 1,8 есе артты.

Диагностикалық зерттеу саны 4,3 есеге артты, яғни, 870 мыңға жуығы өткізілді.

Жүргізілген зертханалық зерттеу саны үш есеге жуық артып, олардың саны 542 мыңнан асты.

Ауыл тұрғындары 2021 жылы бейінді мамандардың консультациясын 3,1 есе артық алды. Олардың саны 2021 жылы 1 448 600 құрады.

Көрсетілген қызметтердің нәтижесі бойынша 132 070 науқас, оның ішінде 14 630 немесе 11% қант диабетімен ауыратыны, 812 немесе 0,6% глаукомамен, 8 850 немесе 6,7% қан айналымы жүйесі ауруларымен ауыратыны, 58 немесе 0,04% әйелдерде сүт безі қатерлі ісігі және басқа да инфекциялық емес аурулар бар екені анықталды.

Анықталған науқастардың 17% (22 557 адам) МСАК мамандарының динамикалық бақылауына алынды, оның ішінде 8 806 бала (6,7%) бар.