Шалғайдағы 12 ауыл газдандырылады - БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында ауылдарды таза ауыз сумен қамту жұмысы жаңа жылда да жалғасады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, биыл 17 ауыз сумен қамту нысанын (мұның 9-ы 2017 жылдан ауысқан) салу мен қайта құруға республикалық және жергілікті бюджеттен 2,9 млрд теңге қаралды. Бұл жобалар жүзеге асқанда, 29 елді мекенге таза су жеткізілетін болады.

Сол секілді шалғайдағы Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарындағы 12 ауылды газдандыру жұмыстарын жалғастыруға 1,4 млрд теңге бөлінді.

Айта кетейік, 2017 жылы өңірде 39 сумен қамту нысанын салуға 9,0 млрд, ал газдандыру жұмыстарына 3,4 млрд теңге қарастырылған болатын. Соның нәтижесінде 12 ауданның алпыстан астам елді мекені таза су, алты ауданның 35 ауылы «көгілдір отынмен» қамтылды.