«Қазіргі кезде әр ауылдық жерлер бойынша жекелей қарау керек. Егер де елді мекендер магистральдардан қашықтау болса, онда жобаны жүзеге асыру екінші кезеңде қамтылады. Оптикалық-талшықты желіні тарту қымбат жоба. Негізгі магистральдерден 100-150 шақырым жерде орналасқан бір ауыл үшін желі тарту өте қымбат болатыны анық. Екінші кезеңде осы жоба жаңа технологиялардың мүмкіндігімен жүзеге асырылады. Оның ішінде біз Ка-диапазоны спутнигінің мүмкіндігін пайдалануды қарастырып отырмыз. Осы орайда бірінші кезеңде қамтылмай қалған ауылдарды айтарлықтай жақсы интернетпен қамтамасыз етуге жол ашылады»,-деді министр.
Сонымен қатар Дәурен Абаев бірінші кезекте интернетті тартуға жататын перспективалы ауылдарды Ұлттық экономика министрлігі айқындайтынын жеткізді.
Ағымдағы айда министр Мәжіліс депутаттарына интернетпен қамту шаралары екі кезеңді жүргізілетінін айтқан болатын . Біріншісінде, 2017-2019 жылдары 1 291 ауыл интернетке қосылады деп күтілуде. Ал екінші кезең аясында 2020-2025 жылдарда шамамен 4 мыңға жуық елді мекен қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, бірінші кезеңде 2 млн. тұрғыннан астам, сондай-ақ келесі кезеңде 1,5 млн. адам қамтылатын болады.